ТАЛДЫҚОРҒАНДА ПӘТЕР ЖАЛҒА БЕРЕМ ДЕП ЕЛДІ АЛДАЙТЫН АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 26.10.2020
Оқылды: 1371
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда пәтерді жалға берем деп ел алдаған алаяқ қолға түсті. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Талдықорғанның "Батыс" қалалық полиция бөліміне облыс орталығының 48 жастағы тұрғыны алаяқтың құрбаны болғаны туралы арыз берді.

- Белгісіз әйел Қазақстан көшесіндегі пәтерді жалға беремін деп оның ақшасын иемденді. Бір-екі күннен кейін Талдықорған қаласының 26 және 42 жастағы тағы екі тұрғыны осындай арызбен жүгінді. Олар да тұрғынүйді жалға алу үшін оған алдын ала төлем төлегендерін айтты, - деп хабарлады Талдықорғанның "Батыс" қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Айдын Аденбаев.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған және сотталған Алматы облысының 23 жастағы тұрғыны - Ирина Ким есімді күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұлтартпас айғақтардың арқасында жоғарыда аталған қылмыстарды жасағанын мойындады.

Күдіктінің қаладағы элиталық аудандарда жалға берілетін арзан тұрғын үйді тапсыру туралы хабарландыру беріп, өз құрбандарын сайттан тапқаны белгілі болды. Пәтер құнының арзандығына қызығып, қоңырау шалған адамдарға қазір жолда екенін және келген соң пәтер кілтін тапсыратынын айтып отырған. Сондықтан, олардан пәтер төлемақысының алдын ала төлемін банк картасына аударуын сұраған. Алданған жалға алушылар алаяқ аруды ұзағынан күткен.

- Үш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-бөлігі 3,4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Алаяқтың әрекетінен зардап шеккендердің барлығын 25-01-51 және 87777802313 телефондары бойынша хабарласуды сұраймын, - деп толықтырды полиция майоры Айдын Аденбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"