ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ҮЙ ӨРТЕНІП, 63 ЖАСТАҒЫ ЕР АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 29.10.2020
Оқылды: 1117
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында үй өртеніп, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Шақыру орнына Есік қаласының өрт сөндіру бөлімінен 7 қызметкер және 2 бірлік техника дереу жіберілді. Шақыру орнына сағат 06.31-де жеткен өрт сөндірушілер шамамен 200 шаршы метр алаңда жартылай жертөле үйі мен жапсарлас шаруашылық құрылысы жанып жатқанын анықтады. Өрттің тез таралуына өрт туралы хабарламаның кешігіп түсуі және үйдің тез тұтанатын құрылымдары, қамыс қабырғалары себеп болған.

Өрт сөндіру барысында 1957 жылы туған ер адамның жанған денесі табылды, сондай-ақ, өрт сөндіру барысында жанып жатқан үйден бір оттегі және бір газ (25 л) баллоны шығарылды.

Өрт сағат 08:07-де сөндірілді. Өрттің жалпы ауданы 211 шаршы метрді құрады. Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру зертханасы жіберілді. Өртті сөндіруге 11 адам мен 3 техника жұмылдырылды.

Төтенше жағдай қызметкерлері күнделікті тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осындай нұсқаулық бұл үйде 2019 жылдың 10 қарашасында өткізілген. Өрт кезінде қайтыс болған үй иесі өрт қауіпсіздігі нұсқаулығы мен түбіртек алған.

Алматы облысының төтенше жағдай өкілдері тұрғын үйде өрттің пайда болуын болдырмау үшін азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін ескеруді және оларды мүлтіксіз сақтауды сұрайды:

- электр сымдарының, ажыратқыштардың, розеткалардың жарамдылығын бақылаңыз;

- электр аспаптарын, плиталарды перделерден және жиһаздардан алысырақ ұстаңыз;

- бір желіге бірнеше жоғары қуатты электр аспаптарын қосуға жол бермеңіз, бұл электр желісін қыздырады;

- үйде жасалған электр жылыту құралдарын пайдаланбаңыз;

- кірді кептіру үшін жылытқыштарды пайдаланбаңыз;

- үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын пайдаланбаңыз;

- үйден шыққан кезде барлық газ және электр жабдықтарының өшірілгеніне көз жеткізіңіз;

- жылыту пештерін уақтылы жөндеңіз, түтіндіктерді күйеден тазартыңыз;

- пештің жану есігінің алдындағы еденде өлшемі 50х70 см металл парақты шегелеңіз;

- пешті тез тұтанатын сұйықтықтармен жақпаңыз;

- жанып жатқан пештер мен электр жылыту құралдарын қараусыз қалдырмаңыз;

- сіріңкелер мен тұтандырғыш құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз, жас балаларды қараусыз қалдырмаңыз;

- төсекте темекі шегуге болмайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"