ЖАС МАМАНДАРДЫҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСІ - БАСПАНА: ДЕПУТАТПЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 29.10.2020
Оқылды: 1053
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Пандемия кезінде қоғамға нағыз қажетті мамандық айқындалғандай болды. Ол - адам жанының арашашысы медицина қызметкерлері.

Биылғы дәстүрлі Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақ халатты абзал жандарға бас иіп, алғыс білдіретінін жеткізді. Әрине, әлемді жайлаған індет жойылып кеткен жоқ. Екінші толқынның да лебі сезіле бастағандай. Медицина қызметкерлері тағы да қарусыз майданға даярлануда. Әрине, осындай сәтте олардың үніне құлақ түріп, жеке мәселелерін шешуге атсалысу кезек күттірмес тақырып.

Осы орайда Қаратал аудандық мәслихат депутаты Біржан Құмаров аудандағы ақ халаттылармен жолығып, салада атқарылып жатқан жұмыстарды таразылады. Б.Асқарұлы тек аудандық мәслихат депутаты ғана емес, сонымен қатар, Қаратал аудандық ауруханасының басшысы. Саланы бүге-шігесіне дейін түсінетін халық қалаулысы туындаған мәселелердің де шешілу жолын біледі.

Бүгінде аудандық медицина ұйымдарында қажетті жабдықтар қолжетімді. Пандемияның екінші толқынына дайындық жайы да пысықталған. Маман тапшылығы да жоқтың қасы. Жас мамандар бейнеттің зейнетін көруге зейнеткерлік демалысқа шыққандардың орнын толтырып отыр.

«Жас келсе іске» деген. Жастармен бірге медицина ұйымдарына тәжірибе де келуде. Өйткені, ғылым бір орында тұрмайды. Жаңалық қай салаға да келіп жатыр. Демек, медицина да жыл өткен сайын жаңашылдықтан кенде болып жатқан жоқ.

Әрине, салаға жастардың келгені жақсы. Бірақ олардың да жағдайына болысу қажет. Мәселен, жас мамандардың басты мәселесі - баспана жайы. Халық қалаулысы жиын барысында басты мәселенің назардан тыс қалмасын жеткізді. Кездесу барысында өзге де мәселелер төңірегінде сөз қозғалды. Аудандық мәслихат депутаты пікір алмасу барысында туындаған мәселелерді шешуге атсалысатынын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"