АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫ БОЙЫНША ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗДІ

Уақыты: 01.11.2020
Оқылды: 1074
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қаласындағы аулаларды абаттандыру кезінде кеткен кемшіліктерді сынға алып, ретке келтіру үшін мүмкіндік пен уақыт берді. Тұрғындардың шағымынан соң аймақ басшысы Қабанбай батыр мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй аулаларына арнайы барып, жасалып жатқан жұмыстармен танысты.

Мұнда атқарылған жұмыс облыс әкімінің көңілінен шықпады. Құрылысын жүргізген «Асыл-Тау» ЖШС-ға, Талдықорған қаласы әкімдігі мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне айтылған сынға қатысты тапсырма жүктеген Амандық Ғаббасұлы алаңдарды жеке-жеке тексеріп, әрқайсынан кемшілік тапты. Айталық, «Жалға Талдықорған» жеке пәтер иелерінің кооперативіне қарасты екі ауладағы ойын алаңдары еш қажеттілігі жоқ темірмен қоршалған. Темір қоршаудың ұзындағы 510 метрді құрайды. Облыс әкімі балалар ойнайтын жердегі басы артық темір қоршауды мал қамайтын қораға ұқсатты. Жіберілген кемшілікті тез арада түзеуді тапсырды.

- Жасағанда кішкене ойланбайсыңдар ма? Қанша ақша кетті? Мына жерге темекі тасталған. Бұл қоршау кімге керек? Кішкентай балаларды бір жерге жинамақсыңдар ма?! Ана жерге, иә, доп ұшып кетпеу үшін қоршау қажет шығар. Ал мынау енді артық шығын! Оның үстіне орын алып тұр, – деген Амандық Ғаббасұлы қала басшылығына сын айтып, 100 миллон теңге бөлінген ауланы сапалы әрі әдемі етіп көркейтуге болатынын жеткізді. Тез арада комиссия құрып, бастан-аяқ тексеріс жүргізуге пәрмен берді.

Аталмыш аулаларды абаттандыру туралы ұсыныс Талдықорған қаласы әкімінің есебінде айтылған. Облыс әкімі Амандық Баталов тапсырма беріп, қомақты қаржы бөлінді. Көктемде басталған аула құрылысы әу бастан тұрғындардың көңілінен шықпай, осында тұратын Сабыр Мақажанов есімді журналист бейнешағым жолдайды. Осыдан соң тексеруге келген аймақ басшысы шағымның орынды екеніне көз жеткізді.

- Осы жылы аулаға деп тек Талдықорған қаласы үшін 1,5 миллиард теңге ақша бөлдік. Мұндай жағдай қашан болып еді? Былтыр жергілікті бюджеттен 1 миллиард 22,5 миллион теңге қаралды. Халық рахмет айтатындай әдемі қылып жасауға болады ғой. Тас жол да дұрыс төселмеген. Үстінен тағы бір жұқа қабат жабынды төселуі керек еді. Мына салған жол бір жылдан кейін быт-шыты шығады. Шұңқырға  жиналған суды қара, тіпті, шомылуға болады, – деген Амандық Ғаббасұлы кедір-бұдыр жолдың да дұрыс жасалмағанына налыды.

Аталған кемшіліктер бір ай мерзімде жойылатынына уәде берген Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шарушалық бөлімнің бас маманы Мадияр Нұрахметов:

- Бұл өзі дауы көп аула. Аталған жоба, құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың 15 сәуір күні аяқталуы керек болған. Мердігер компания «Асыл-Тау» ЖШС уақытында өткізбегендіктен Талдықорған қалалық ТҮКШ ауданаралық экономикалық сотына талап-арызбен жүгінген, – деді.

Айта кетейік, Талдықорған қаласы бойынша бас-аяғы 53 аула күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Аулаларды абаттандыруға кейінгі бес жылда бөлінген қаржы бес есеге ұлғайған. Облыс әкімі шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымовқа аулаларды апта сайын аралауды тапсырды. Ал нәтижесін көру үшін қараша айының соңы мен желтоқсанның басында Амандық Ғаббасұлы өзі қайтадан тексеретінін айтты. Кеткен кемшілік қалпына келмеген жағдайда шағым прокуратура мен қаржы органдарының құзырына жөнелтілетін болып шешілді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - "Жетісу" телеарнасынан

Алматы облысы