ҚАЙТАДАН ЖАБЫЛА МА? ҮКІМЕТТЕ КОВИДПЕН КҮРЕС МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 02.11.2020
Оқылды: 817
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен онлайн режимде селекторлық жиын өтті. Оған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ онлайн қатысты. Жиында коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық мәселесі қозғалды.

Селектор барысында Асқар Ұзақбайұлы:

– Еліміздің қай өңірін алып қарасақ та, індет өршіп тұр. Осыған орай, кеселдің алдын алу мақсатында жиын өткізуді жөн көрдік. Барлық өңірде коронавирустың алдын алу шаралары бойынша қарқынды жұмыс атқарылуы керек.  Медициналық құрылғыларды толықтай алып, «Жедел жәрдем» көлігімен қамтамасыз ету мәселесін қарап, жиі мониторинг жасау қажет, – деді.

Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрі А.Цой коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды таныстырды. Сондай-ақ, өңірлерде атқарылып жатқан шараларды, әлем елдеріндегі жағдай жайлы ақпар берді. Сонымен қатар, жиын барысында әр аймақ басшылары атқарылған жұмыстарды тарқатты.

Үкімет отырысынан кейін Амандық Ғаббасұлы облыста кеселдің алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтып, халық денсаулығы бірінші кезекте тұрғандығын, эпидахуалды жіті қадағалау қажеттігін алға тартты. «Жағдай ушығатын болса, аурудың алдын алу үшін сауда үйлерін қайтадан жапқан жөн. Сақтық шараларын қолданбаған жандарға жазаны күшейту керек. Індеттің алдын алу – басты міндетіміз», – деген облыс әкімі орынбасарлары мен жауапты мамандарға арнайы тапсырма берді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан