ЖАБАЙЫ АҢДЫ ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА БАҚҚАН АЗАМАТҚА АЛҒЫС ХАТ БЕРІЛДІ

Уақыты: 04.11.2020
Оқылды: 1044
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Қызыл кітапқа» енген жануарды құтқарғаны үшін Ұйғыр ауданының тұрғынына марапат пен сыйлық табыс етілді. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Ұйғыр ауданының тәртіп сақшыларына табиғат қорғау ұйымдары тарапынан тұрғындардың бірі ауласында тұқымы құрып кету қаупі төнген жабайы аңды асырап жатқаны және заңға сәйкес шара қолдану қажеттілігі туралы хабар түсті. Тексеру барысында жабайы аңның қарақұйрық екені анықталды.

"Қызыл кітапқа" енген аңды ұстау және еркінен тыс қапасқа қамау дерегі анықталған соң қолданыстағы заңнамаға сәйкес Ұйғыр ауданы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тексреу барысында қыстақта тұратын малшы қыс мезгілінде аяғы жараланған жабайы аңның баласын далада көрген. Екінші күні сол орында жатқан соң елік тұқымдас жануарды үйіне әкеп, сиыр сүтімен баққан.

- Аудан тұрғынының әрекеті табиғи байлыққа қол сұғу емес, керісінше, оны қорғауға, қамқорлық танытуға бағытталған игі іс екенін ескере отырып, қылмыстық іс қысқартылып, оған Алғыс хат пен көркем картина табыс еттік, - деді Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Шыңғысхан Сабыров.

Қараған адамның көзі тоймайтын нәзік жануарға қамқорлық танытып, бауыр басып қалған сол үйдегі бүлдіршін қыз да назардан тыс қалмады. Табиғатқа жанашырлығы үшін ол да полиция басшысының сыйлығына ие болды.

Сөйтіп, жабайы аңға жаны ашып, оны құтқарып қалғаны үшін істі бола жаздаған аудан тұрғынының мерейі үстем болды. Дегенмен, ол елік тұқымдас аңның тұқымы сирек кездесетінінен және «Қызыл кітапқа» енгізілген аң екенінен бейхабар болып шықты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"