ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ӨКІЛДЕРІ ОБЛЫС АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 09.11.2020
Оқылды: 1138
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы, агенттік жанындағы Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының төрағасы Ырза Тұрсынзада және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аймақ активімен кездесу өткізді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстағы департаменті хабарлады.

Негізгі мақсат - кеңейтілген ақпараттық жұмыс арқылы сындарлы диалог құру және парасаттылық қағидаттарын дамыту. Штаб халықтың түрлі топтары үшін түрлі тәсілдерді қолдана отырып, кездесулер өткізуді көздейді. Өткен жылдан бастап еліміздің барлық облыстарында халықты ауқымды қамтуды қамтамасыз ету үшін өңірлік ақпараттық-ағартушылық штабтар жұмысын бастады.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі қоғамда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тиімділігі мен дамыған азаматтық қоғамды қалыптастырумен тығыз байланысты.

Өз кезегінде штаб төрағасы қысқа мерзімде елімізде құқықтық мемлекет құру және сыбайлас жемқорлық мәселелерін жою мүмкін еместігін атап өтті. Сапалы жаңа құқықтық санасы бар азаматтардың тұтас буынын тәрбиелеу қажет.

Кездесуде агенттіктің парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және қоғамда берік иммунитетті қалыптастыру мақсатында іске асырып жатқан жобалар туралы айтып берді.

- Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету құралдарының бірі - "Сервистік әкімдік" жобасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойды, - деп атап өтті Ғанижан Асанұлы.

Өз кезегінде, аймақ басшысы қазіргі кезде Алматы облысында сыбайлас жемқорлық деңгейі айтарлықтай төмендегенін, жаңа тиімді әдістерді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, мемлекеттік органдардың жұмысы күшейтілгенін, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарды тарту мүмкіндіктері кеңейтілгенін, ақпараттық ашықтық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Сонымен қатар, Республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жаңа серпін беретінін әңгімеледі.

Кеңес қорытындысы бойынша Амандық Ғаббасұлы мемлекеттік органдардың барлық басшыларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтау туралы ескертіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"