ОБЛЫС ЖУРНАЛИСТЕРІ АҚСУ АУДАНЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕРМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 09.11.2020
Оқылды: 854
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жетісу Медиа» ақпараттық алаңы ұйымдастырған көшпелі брифинг Ілияс туған қасиетті топарақта жалғасын тапты. Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов облыс журналистеріне өңірдің экономикалық даму көрсеткіші жайында баяндап, мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысын таныстырды.

Жуырда Ақсу ауданында елді жаудан қорғаған, жоңғар шапқыншылығында өлшеусіз ерлік көрсеткен Бөрібай батырға ескерткіш қойылғаны белгілі. Рухани жаңғыру аясындағы осындай игі іспен бірге халықты жұмыспен қамту, жаңа өндіріс орындарын құру, көшелерді жөндеу секілді кезек күттірмес міндеттер де ретімен жүзеге асуда.

Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауданның автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізуге  республикалық бюджеттен  652 млн.242 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда Молалы, Алажиде, Кеңжыра, Көшкентал, Сағабүйен, Есеболатов, Сағакүрес, Алтынарық, Қаракөз ауылдарының ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Суықсай, Көкөзек ауылдарының  ішкі көшелерінің  негізгі бөлігі жасалды.

Аудан әкімінің айтуынша, Қапал ауылының ішкі көшелерін күрделі жөндеуден өткізуге 330 млн.теңге бөлінген. Қапалдағы жол жөндеу жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда жол белгілерін орнату шаралары қолға алынған. Ал Матай ауылының көше жолдарын орташа жөндеуге 50 млн.теңге бөлініп, «Болат Қулан – 2006» ЖШС құрылысты аяқтауға таяған. Жаңалық ауылында да осындай қуанышты жаңалық жалғасуда.

Ауданда бұқаралық спортты дамыту және ауыл балаларын спортқа бейімдеу мақсатында 14 ауылда шағын спорт алаңы салынды. Спортпен шұғылданамын деген тұрғындар үшін шағын алаң маңынан аспалы темір, швед қабырғасы, қолмен тартылуға арналған керме жасалған. Жансүгіров ауылындағы Орталық саябақ абаттандырылған. Жобаға сәйкес, саябақ толықтай жаңғырып, ішіне балалар мен жасөспірімдер ойнайтын әткеншектер мен орындықтар қойылған. Саябақ ортасында орналасқан Екінші дүниежүзілік соғыс стелласы толықтай жөнделіп, гранитпен қапталған. Ондағы балалар және үлкендерге арналған бассейн, саябаққа баратын  арық жүйелері қайта жаңғыртылып, заманауи қалыпқа енеді.

Өңірде балалар ойын алаңымен бірге аспан асты кинотеатры жөнделіп, кафе ашылды. Қазіргі кезде саябақта 100-ге жуық жұмысшы, 2 дана трактор, 2 дана манипулятор және 3 дана жүк көліктері жұмыс істеуде.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Жансүгіров ауылында «Сервистік әкімдік» жобасы іске асқаны мәлім. Мұнда халыққа 49 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, есептік кезеңде 820 әртүрлі мемлекеттік қызмет жүзеге асырылды. Аудандағы 49 елді мекеннің 41-і таза ауызсу жүйесімен қамтылған.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Гидротехник жоба» ЖШС Жансүгіров ауылының Бухарбай, Толғанбай ақын, Жансүгіров, Қабанбай батыр, Әубәкіров, Абай, Пушкин, Ақын Сара және Кенжебаев көшелерінің ауызсу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізген. Ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 51 жоба іске асырылып, нәтижесінде, 537 жұмыс орны ашылған.

Ілияс  Жансүгіров ауылының жарықшамдары жаңадан жасалды. Сонымен қатар, Қапал, Қызылағаш ауылдарына түнгі көше шамдары қойылды. Бірнеше ауылда шағын футбол алаңы бой көтерді. Ауыл жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жасалумен бірге негізгі және орта мектептердің ішіне дәретханалар орнатылды. Мұның бәрі – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі игі қадам.

Ауданда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында техникалық және кәсіптік біліммен және қысқамерзімді үш айлық кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету  қарастырылған. Нәтижесінде, елу адам оқытылды. Талдықорған сервистік-технологиялық колледжінде 45 адам аспаз, тігін, маникюр мамандықтары бойынша оқуда.

Жансүгіров ауылындағы айналма жолға тұрғызылған Бөрібай батыр ескерткішінің маңайын абаттандыру және тұғырын орнату жұмыстарына 52 млн.теңге бөлініп, «Хан Теңгри Құрылыс» ЖШС игі істі мұқият орындап шыққан. Жобаға сәйкес, ескерткіш тұғырының биіктігі – 7,5 ені – 4,5 метр. Тұғырдан 20 метр қашықтықта айналдыра қазақ батырларының есімі жазылған 5 гранит тас қойылған.

Бөрібай батыр ескерткішімен елдікті, береке-бірлікті паш еткен өңірде халық үшін атқарылып жатқан жұмыс та өз нәтижесін беруде. Оған көшпелі брифинг аясында көз жеткіздік. Аталар рухы қайта оянған асқақ өлкеде мал мен егіншілікті кәсіп еткен, ауызбірлік сақтаған, ағайынгершіліктен аттамаған қалың ел тұрады. Көшпелі брифингті елдің еңсесі адал еңбегімен биік екен ғой деп түйіндей тарқастық.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы