"БІРЕУІ БАЛА": ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ҮЙ ӨРТЕНІП, ҮШ АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 10.11.2020
Оқылды: 1015
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар қаласында тұрғын үй өртеніп, салдарынан үш адам көз жұмды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

- 10 қараша күні сағат 03.40-та Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне Талғар қаласында жеке сектордағы үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Талғар қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 6 қызметкері мен 2 бірлік техникасы дереу жіберілді. Өрт сөндірушілер шақырту орнына келген кезде тұрғын үй (көлемі 5х8) толығымен өртке оранған. Сондай-ақ, үй төбесінің жабындысы құлағаны анықталды. Өрт сөндіру барысында оқиға орнынан 2012, 2001 және 1976 жылдары туған үш адамның денесі табылды. Өрт сағат 04.06-да оқшауланып, сағат 04.50-де толығымен сөндірілді, - деді Талғат Уәли.

Өрттің жалпы аумағы 40 шаршы метрді құраған. Өрттің тұтану себептері анықталып жатыр. Осыған байланысты төтенше жағдай департаментінің өкілдері өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырады. Аталған үйге өрт қауіпсіздігі туралы ереже 2019 жылдың 24 қарашасында тапсырылғаны белгілі болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан