"БАЙЛАНЫС НЫҒАЙСА ДЕЙМІЗ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ИРАНДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 11.11.2020
Оқылды: 980
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Иранның Алматы қаласындағы Бас консулымен кездесті. Кездесу барысында екі тараптың өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алдымен Жетісу жеріне келген қонақтарға жылы ілтипатын білдірген облыс басшысы екі ел Президенттерінің арасындағы келісімдер өзара тығыз байланыстарға жол ашып бергенін айта келе, Иран ислам мемлекетінің ресми өкілдеріне Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктері жайлы баяндады. Соның ішінде, облыстың Қытаймен шекаралас орналасуы, «Қорғас» шекара маңы аймағының мүмкіндіктері, мал шаруашылығының дамуы, қант қызылшасын, жүгері мен соя өсіруге басымдық беретіні, туристік тартымдылығы туралы айтты.

- Біздің өңір аграрлық аймақ болғанымен, индустриалды бағытта да жақсы дамып келеді. Бір кездері облыс аумағынан Ұлы Жібек жолы өткен. Қазір де бұл өңір осы Жібек жолының шығыс қақпасы болып отыр. «Қорғас», «Достық», «Қалжат» шекара бекеттерінің біздің өңірімізде орналасуы бізге көптеген инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Біздің жерімізде шөлді жерлер де, жартылай шөлейт жерлер де, жасыл жайлау да, өзен-көлдер де – бәрі бар. Шарын, Көлсай, Алакөл сияқты туристік тартымды орындарымыз өте көп. Сондықтан, қай салаға болса да, инвестиция тартуға бізде мүмкіндік бар, - деп атап өтті А.Баталов.

Өз кезегінде Иранның Алматыдағы Бас консулы Мохсен Фагани өздерін жылы ықыласпен қарсы алған облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Иран Республикасының бүгінгі дамуы жайлы, Қазақстанмен, соның ішінде, Алматы облысымен қай бағытта ынтымақтастық орнатуға пейілді екендерін айтты. Соның ішінде, жеміс-жидек, құрылыс тауарларын, теңіз өнімдерін жеткізуге мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Екі елдің Каспий теңізінің екі жағалауында орналасуы тауар алмасуға зор мүмкіндік береді деді ол.

- Еліміз Қазақстанмен байланыстарын одан әрі дамытуға мүдделілік танытып отыр. Иран мен Қазақстанның тек ірі қалалары ғана емес, аймақтары да бір-бірімен байланысын нығайтса дейміз. Осы орайда жан-жақты дамыған Хорасан, Язд облыстарының осы Алматы облысымен тығыз қарым-қатынас орнатуына пейілдіміз. Оларда инженерлік технология саласы, медициналық құрал-жабдықтар өндірісі алдыңғы қатарда. Осы және басқа да бағыттарда байланыстарымызды дамытуға дайынбыз, - деді Иран мемлекетінің өкілі. Сол сияқты ол Алматы маңынан медициналық орталық салуға ниеттері бар екенін, соған қолдау көрсетуді сұрады және Алматы облысы басшылығы Хорасан облысының әкімімен бейнебайланыс арқылы кездесу өткізсе деген ұсыныс жасады.

Облыс әкімі медициналық орталық салудың өте жақсы бастама екенін, оған жергілікті әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтты және Хорасан билігімен бейнекездесу өткізуге де дайынбыз деді.

Кездесу соңында облыс басшысы:

- Иран Республикасы – біз үшін өте ірі серіктес ел. Іскерлік байланыстарды дамыту біз үшін тиімді. Сондықтан, осы кездесуде айтылған ұсыныстарды одан әрі іс жүзіне асырып, қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтеру үшін ынтымақтастығымызды құжат жүзінде бекітуіміз керек. Бұл іскерлік байланыстың алғышарты болады. Одан әрі нақты жобаларды қолға алып, іске кірісетін боламыз, - деді А.Баталов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"