ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ЖАНЫП ЖАТҚАН ҮЙДЕН БІР АДАМДЫ АМАН АЛЫП ШЫҚТЫ

Уақыты: 11.11.2020
Оқылды: 911
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының төтенше жағдай қызметкерлері жанып жатқан үйден ер адамды құтқарып алды. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Осы жылдың 9 қарашасында сағат 23.54-те төтенше жағдай қызметінің кезекші байланыс пультіне Талдықорған қаласында тұрғын үй шатыры жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына дереу өртке қарсы бөлімшелер шықты. Шақырту орнына келген бойда екі пәтерлі тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды.

Өрт сөндіру барысында төтенше жағдай қызметкерлері үй иесі, 1957 жылы туған ер адам құтқарды, оның денсаулық жағдайы тұрақты. Сондай-ақ, өртті сөндіру барысында жанып жатқан үйден сыйымдылығы 27 литрлік 2 газ баллоны шығарылды.

Өрт сағат 00.20-да оқшауланып, сағат 00.24-те сөндірілді. Тілсіз жау 150 шаршы метр алаңды шарпыды. Өртті сөндіруге Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінен 10 адам және 3 бірлік техника, Талдықорған қалалық полиция басқармасынан 3 қызметкер және 1 бірлік техника, 1 "Жедел медициналық жәрдем" бригадасы жұмылдырылды.

Осындай жағдайдың алдын алу үшін мына ережелерді ұстаныңыз:

- электр сымдарының, ажыратқыштар мен розеткалардың жарамдылығын бақылаңыз;
- электр заттарын, плиталарды жарамды күйде, жанбайтын тұғырларда, перделерден, жиһаздардан және жанғыш материалдардан алыс ұстаңыз;
- бір желіге бірнеше электр бұйымын қосуға жол бермеңіз;
- қолдан жасалған электр қыздырғыштарды пайдаланбаңыз;
- жылыту маусымы басталар алдында пештерді жөндеңіз, мұржаларды айына кемінде бір рет тазалаңыз;
- пешті тез тұтанатын сұйықтықтармен жақпаңыз;
- пеш жағуды үйден шыққанға дейін кемінде 2 сағат бұрын тоқтатыңыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"