ЕСІК КӨЛІНЕ БАРАР ЖОЛДА ШЕТЕЛДІК ТУРИСТЕР МІНГЕН АВТОБУС ТҰРЫП ҚАЛДЫ

Уақыты: 16.11.2020
Оқылды: 777
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының құтқарушылары Есік көлінен 50 туристі эвакуациялады. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Туристер мінген автобустың бірі Есік көліне баратын жолда көктайғақтың салдарынан тұрып қалған. Ол қалған автобустардың қозғалысына кедергі келтірген.

Жедел қабылданған шаралардың арқасында 50 шетелдік және жергілікті турист құтқарушылардың көмегімен Есік орман шаруашылығы экологиялық бекетіне аман-есен жеткізілді. Олардың кейбірі тұрып қалған автобуста болса, кейбірі көлден қайтып келе жатқан.

Құтқарушылар туристерді үш топқа бөліп, әр топқа радиостанциялары бар офицерлерді бекітті. Құтқарушылар ешбір дүрбелеңсіз шетелдік туристерді, соның ішінде, балаларды қауіпсіз жерге дер кезінде тасымалдады. Егер құтқарушылар сәл кідіргенде немесе жылдам жүріп өтпегенде жолаушылар қарлы дауылдың астында қала еді.

Экопосттан туристерді Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі дайындаған автобустар күтіп тұрды, олар Есік қаласының автовокзалына жеткізді.

Белгілі болғанындай, тұрып қалған жолаушылар автобусы жазғы дөңгелекпен жүрген. Бірнеше сағат ішінде автобус тұрып қалған жерінен шығарылып, кері қайтарылды.

Қазіргі уақытта қауіпсіздік мақсатында Есік көліне кіру жабық.

Алматы облысының төтенше жағдай қызметкерлері жазатайым оқиғаларға жол бермеу мақсатында көлік дөңгелектерін қысқы режимге ауыстыру және ауа райының өзгеруін бақылау қажеттігін ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"