ІЛЕ МЕН БАЛҚАШ МАҢАЙЫНА ЖҮЗДЕГЕН ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫ ЖІБЕРІЛЕДІ

Уақыты: 16.11.2020
Оқылды: 1684
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле өзенінің дельта аумағы, Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан шығысқа қарайғы жер Тұран жолбарысы жерсіндірілетін аймақ ретінде таңдалып отыр. Бұл маңда жолбарыс мекен етуге жарайтын 1 миллион гектар жер бар. Болжам бойынша, аумақта Каспий жолбарысының санын 100-ден 200-ге дейін жеткізуге болады.

Тұран жолбарыстары Таяу Шығыстың 13 елінде, Кавказ, Орталық Азия, Түркия және Қытайдың солтүстік-батысына дейінгі жерлерде мекен еткен. Ғалымдардың пікірінше, Тұран жолбарыстарының жоғалып кетуінің негізгі себептерінің бірі – ату болды.

Жолбарыстың негізгі қорегі болған тұяқты жануарларға бақылаусыз аңшылық пен ирригациялық жобалар әсерінен аталған аңның мекен ету ортасы бүлінді. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балқаш маңындағы жолбарыстарды қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасады. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды.

2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Аумақты браконьерлерден қорғау, заңсыз табиғат пайдалану жұмыстарына жол бермеу шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, биотехникалық шаралар арқылы қабандарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы аталғандардан кейін экожүйе жолбарыс популяциясын ұстап тұруға қабілетті болады. Реинтродукция үшін амур жолбарыстары әкелінеді.

Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іленің дельта аумағында жолбарыстың реинтродукциясы бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан