ТАЛДЫҚОРҒАНДА 83 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕ ӨЗ ҮЙІН ТАБА АЛМАЙ, АДАСЫП КЕТТІ

Уақыты: 19.11.2020
Оқылды: 860
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандық полицейлер адасып кеткен 83 жастағы қарияны іздеп тапты. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Түскі сағат 14:00 шамасында Талдықорған қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар хабарласқан. Олар қаланың "Самал" шағынауданында тұратын 83 жастағы әженің таңертең үйінен шығып, қайта оралмағанына алаңдаған.

Жоғалған кейуананың киген киімі мен түр-түсі туралы хабарламаны Талдықорған патрульдік полиция ротасының №162 борты қабылдады. Тәртіп сақшылары шұғыл түрде жақын маңда орналасқан тұрғын үй кешендерінің ауласы мен көшелерді аралауға кіріскен. Үш сағат ішінде полицейлер көрші шағынауданмен шектесетін тұстан адасып кеткен қарияны тапты. Тәртіп сақшылары әжейді үйіне жеткізді. Анасының аман-есен табылғанына қуанған қызы тәртіп сақшыларын алғысын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"