АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ ОЛИМПИАДА ӨТКІЗІЛДІ

Уақыты: 19.11.2020
Оқылды: 1614
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында алғаш рет танымал тележурналист, қайталанбас тұлға Бейсен Құранбек атындағы олимпиада өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қарымды қаламгердің журналистика саласындағы ойларын жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатындағы сайысқа 16 ұстаз, 19 оқушы қатысты. Олар талантты журналистің шығармашылығы мен тұлғалық болмысын ашуға тырысты. Онлайн режимінде өткен шара үш кезеңнен тұрды. Атап айтар болсақ, «Жарқ еткен жасын ғұмыр» атты кезеңде эссе жазылса, «Тұлғадан жеткен дара сөз» бөлімінде Бейсен Құранбектің өмірлік қағидалары мен қанатты сөздеріне түсінік берілді. «Талантымен танылған тұлға» кезеңінде  қатысушылар шағын бейнеүзіктерін ұсынды.

Шараны ұйымдастыруға Алматы облыстық білім басқармасы мен «Жетісу дарыны» орталығы ұйытқы болды. Өткір ой, салмақты сөз сараланған сайысқа «Жетісу» телеарнасының бас директоры Серік Сарыбай төрелік етті.

- Бүгін - бейсентану ілімінің алғашқы кірпіші қаланған күн. Бейсеннің өмірін, шығармашылығын зерттейтін бір ілім болу керек деп армандап жүр едік, соның алғашқы қарлығашы сіздер болып отырсыздар. Сондықтан да олимпиада ұйымдастырушылары мен қатысушыларына зор алғыс білдіреміз. Бейсен тек қана журналист емес, оны бір қырынан ғана қарауға болмайды. Ол дүниежүзілік философияны бойына сіңірген, жапон, Еуропа философиясынан сусындаған ірі тұлға. Сайысқа қатысушылар осы жағын да ескеріп, сан қырынан келді деп үміттенеміз, – деді шараның ашылуында сөз сөйлеген Серік Әбікенұлы.

Сайысқа қатысушы ұстаздар мен оқушылар еңбегі жеке-жеке бағаланды. Педагогтар арасынан бас жүлдені Текелі қаласындағы №5 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанзила Исаева жеңіп алса, Жамбыл ауданындағы №4 орта мектептің ұстазы Лола Қонысбаева 1-орынды қанжығалады. Кегендік Нұрбек Досымханов, талдықорғандық Аспазия Есенбаева  2-орынды еншіледі. Ал ақсулық Ержан Біржанов, Еңбекшіқазақ ауданынан қатысушы Әсет Мадияр, балқаштық Жазира Тезекбаева үшінші орын тұғырынан көрінді.

Оқушылар арасында өткен сайыста Кербұлақ ауданы Күреңбел орта мектебінің оқушысы Алуа Байтілеуова 1-орын, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек орта мектебінің шәкірті Айгерім Сембинова, Іле ауданы №46 орта мектеп оқушысы Аяжан Диханбек 2-орынды иеленді.  Есік қаласындағы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының шәкірті Диас Елепберген, Панфилов ауданы Абай атындағы орта мектептің оқушысы Дана Тұрсынбай, Ұйғыр ауданы Ақтам орта мектебінің оқушысы Айнұр Батниязова 3-орын жеңімпазы атанды.

Олимпиада жүлдегерлері 9 желтоқсанда Бейсен Құранбектің туған күніне орай ұйымдастырылатын форумда марапатталатын болады. Бүгінде аталмыш олимпиаданы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу және республикалық деңгейде ұйымдастыру жоспарлануда.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы