АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕК ӨРТ САЛДАРЫНАН 26 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 23.11.2020
Оқылды: 901
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының "Жетісу-медиа" алаңында «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингте спикер ретінде Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің бастығы Константин Канин сөз сөйледі.

Константин Канин атап өткендей, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі - тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі.

- Жыл басынан бері облыс аумағында 1220 өрт тіркелген (2019 жылы – 1292 өрт), ол өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға аз. Өрттен келтірілген материалдық шығын өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға төмендеп, 72 млн.78 мың теңгені (2019 жылы - 78 млн.130 мың теңге) құрады. Өкінішке қарай, өртте 26 адам қаза тауып (2019 жылы – 15 адам), 24 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды (2019 жылы - 25 адам), - деді спикер.

Өрт қаупін және адамдардың өлімін азайту мақсатында төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Облыс бойынша есепте тұрған үйердің 65 пайызы қатты отынмен жылытылады, алдын алу жұмыстарының бірі тұрғын үй секторын аралау және өрт қауіпсіздік ережелерін насихаттау болғандықтан, аралау барысында халықтың әлеуметтік осал топтарын ескере отырып, 100 мың 138 үйге немесе 25 пайызы қамтылып, аралау жұмыстары жүргізілген. Олардың барысында 149 мыңнан астам 950 азаматқа нұсқау берілген. 11 мың 203 заңбұзушылық анықталды, оның ішінде 61 пайыз құқықбұзушылық сол жерде жойылған.

Тамыздан бері профилактикалық жұмыстармен облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының 15 мың 024 үйі қамтылды, нұсқаулар берілді.

Халықтың әлеуметтік осал топтарымен профилактикалық жұмыс бірлі-жарым барумен және үгіт материалдарын таратумен шектелмейді. Аталған санаттағы тұрғын үйлерді 100 пайыз қайта аралау жүзеге асырылды. Нәтижесінде, 14 272 үйдің тұрғындары өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны анықталды.

Департаментпен сенбі күндері күнделікті аулаларды аралаумен қатар халықпен кең ауқымды үгіт-насихат іс-шаралары ұйымдастырылады. Жылыту кезеңі басталғалы департаментпен облыс бойынша әр түрлі акция өткізілуде.

Брифинг соңында Константин Канин Алматы облысының тұрғындарына қыс мезгілінде пешті жылыту және электр құрылғыларын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелері туралы еске салды:

- Қауіпсіздік талабы бұзылған үйде пешті жылытуға жол берілмейді. Мұржалар жылыту маусымына дейін және жылыту маусымы кезінде тазалануы керек. Пештерді жөндеуге және салуға арнайы мамандарды ғана шақырыңыз. Жылыту пештерін қараусыз қалдырмаңыз. Пешті ұйықтар алдында екі сағат бұрын өшкенін қадағалаңыз. Кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмаңыз, тәжірибе көрсеткендей, бұл жағдайлар қайғылы жайтқа алып келеді. Әрине, жылыту құрылғылары өздерінің негізгі міндеттерінен ауытқымай жұмыс істеп тұрады. Ол өте жақсы. Алаңдауға ештеңе жоқ сияқты. Бірақ адами факторды ешкім жойған жоқ. Пайдалану ережелерін бұзу және абайсыздық - бұл қайғылы жағдайға әкеледі. Электр желілерін жобалау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан өрттің алдын алу үшін сымдарды тораптарға байлап қоюға болмайтынын, ақаулы, жалаңаш, уақытша, өздігінен жасалған жылытқыштарды, сөндіргіштерді, розеткаларды, сымдарды тұсқағазда ұстауды, жанғыш жерге розеткаларды орнатпауды ұмытпау керек. Осы қарапайым ережелерді сақтасаңыз, өміріңізге қауіп төнбейді, - деді төтенше жағдай өкілі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан