ТАҒАЙЫНДАУ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ АУЫСТЫ

Уақыты: 25.11.2020
Оқылды: 1116
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысына Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат КҮЛДІКОВ келді. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Вице-министр сапар барысында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің бірқатар бөлімшелерін аралап, техникалық базамен және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу дайындығымен танысты. Сондай-ақ, төтенше жағдайды алдын алу және жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді.

Департаменттің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, Қапшағай құтқару бөлімшесіне арнайы ат басын тіреген Марат Мұхаметқалиұлы биылғы жергілікті бюджет есебінен сатып алынған «Славир-9У» су жастықшасы бар кеме бірегей техникасының тиімділігін атап өтті. Бұл техника су бетінде де, мұзда да авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған.

Вице-министр Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВҚА департаменттің жаңа басшысы Асқар Тойшыбековті таныстырды. Сондай-ақ ол бейнеконференция арқылы департаменттің жеке құрамына Асқар Тасболатұлының жаңа басшы болып тағайындалғанын жеткізді.

Бұған дейін Асқар Тасболатұлы Алматы облысы төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары болған. Азаматтық қорғау саласындағы еңбек жолын 1992 жылы бастаған, үйленген. Қазір үш бала тәрбиелеп отыр.

Облыс әкімімен кездесу барысында Марат Күлдіков әкімдік тарапынан төтенше жағдайдың аумақтық бөлімшелеріне қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ, Кеген, Нарынқол ауылдарында 2 өрт сөндіру депосының құрылысын жүргізу бойынша көрсетіліп жатқан материалдық қолдауға өз алғысын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"