АЛАКӨЛДЕ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІН ЖӨНДЕП ЖАТҚАН ЕКІ ЖҰМЫСШЫ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 25.11.2020
Оқылды: 1362
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөл ауданында электр желісін жасап жатқан екі жұмысшы көз жұмды. Қайғылы оқиғаны Алакөл ауданының әкімдігі растап отыр. Бұл туралы Алакөл ауданының әкімі желідегі парақшасына да жазды.

Қайғылы оқиға болған алғашқы сағаттарда Алакөл ауданының әкімі желіге: «ТАТЭК» АҚ компаниясында жоспарлы Талдықорған-Өскемен тас жолының 110 кВт-тық электр желісімен қиылысқан жерінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуі барысында төтенше жағдай болды. Жұмыс жүргізу барысында апатты жағдай болып, бір қызметкер көз жұмды», - деп жазған еді. Көп уақыт өтпей екінші жұмысшы да көз жұмғаны жайлы "Қазақпарат" агенттігіне жарияланды.

Онда қайғылы жағдай Қабанбай ауылының маңында болғаны, электр бағаналарын орнатып, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде Қабанбай ауылының 48 және 39 жастағы тұрғындары көз жұмғаны айтылған. Екеуі де оқиға орнында мерт болған. Қазір Алакөл аудандық полиция бөлімінде аталған факт бойынша тергеу басталған. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы, 4-бөлігі, яғни, еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша жүргізілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"