ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА МАГНИТУДАСЫ ТӨМЕН ЖЕР СІЛКІНІСІ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 28.11.2020
Оқылды: 1363
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің сейсмикалық станциялар желісі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында, жергілікті уақытпен 14 сағат 18 минутта жер сілкінісін тіркеді. Бұл туралы Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан шығысқа қарай 109 шақырым жерде, Алматы облысының Енбекшіқазақ ауданы екені анықталды. Жер сілкінісінің энергетикалық класы - 8.6. MPV магнитудасы - 3.5. Эпицентрдің координаттары - 43.25° с.ш.78.26° в.д. Тереңдігі - 15 шақырым. Сезілетіндігі туралы мәліметтер (МЅК-64 шкаласы бойынша): жоқ.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті ақпаратты алғаннан кейін жергілікті атқарушы органдарды, полиция, "Қазселденқорғау", прокуратура және басқа да ұйым өкілдерін хабардар етті. Жер сілкінісі тіркелген аумақта қираған нысандар мен құрбандар туралы хабарламалар түскен жоқ.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті жер сілкінісі кезіндегі әрекеттердің тәртібі туралы мынандай маңызды жадынама ұсынады:

- ғимараттан шығыңыз (сіздің иелігіңізде 15-20 секунд);
- жоғарғы қабаттарда қалған жағдайда баланы құшақтап алып, есік ойығының орнына немесе іргелі қабырғалардан құралған бұрышта тұрыңыз;
- ешқандай жағдайда терезе жанында тұрмаңыз және балкондардан секірмеңіз;
- ғимараттардан, құрылыстардан, бағаналар мен қоршаулардан алыстап тұрыңыз;
- үйге кірмеңіз: дүмпулер қайталануы мүмкін;
- жеделсатыны пайдаланбаңыз;
- сіріңке, шам жағуға болмайды;
- сымдарға қол тигізбеңіз;
- зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"