ӘКІМДЕРДІҢ ЖОСПАРЫ: КЕЙБІРІ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ, КЕЙБІРІ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Уақыты: 28.11.2020
Оқылды: 1073
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Амандық Баталовтың алдында Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков, Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев, Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов, Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жыл бойы атқарған жұмыстар жайлы есеп берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта атқарылатын жоспарларын таныстырып, орын алған күрмеуі қиын мәселелерді ортаға салды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Көпшіліктің алдына бірінші болып есеп берген Талғат Қанатұлы биылғы пандемиялық ахуал қанша қыспаққа алғанымен өңірдің экономика, әлеумет, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктерін баяндап, алда атқарылар бірқатар жобаларды ұсынды.

Оның айтуынша, Тәуке мен Ашылы өзек каналдарын күрделі жөндеу, Балқаш көлінің жағалауында туризмді дамыту үшін инфрақұрылым салу, тау туризмін дамыту үшін таулы жерлерге туристік бағыттар бойынша жолдарды жөндеу, Сарқандағы тұрғын үйлер мен ИКС құрылысын күрделі және ағымды жөндеуден өткізу, тозығы жеткен су құбыры желілерін жаңарту, ауылдардағы білім беру нысандарын, емхана, стационар ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, әлеуметтік, мәдениет нысандарына айрықша көңіл бөлу керектігі жайлы ұсынысын нақтылы мысал, сан-цифрлар арқылы көрсетіп берді және осы шаруараларды атқару үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлуін сұрады. Оның ұсынысын көптің талқысына салған облыс басшысы бірқатар жобаны атқаруға қолдау танытатынын білдірді.

– Сарқан ауданының аумағында Жоңғар-Алатау ұлттық паркі орналасқан. Ол жерлер тау туризмін өркендетуге өте ыңғайлы өңір. Осыған орай, облыс әкімінің алдында  өзіміздің жобамызды ұсындық. Бұл қолдау тапты. Бірінші кезекте осы ұлттық парк аумағындағы жол құрылысын қолға алсақ деген ойдамыз. Жол жөнделсе, бұл жерге келетін туристердің де саны артады. Ол өз кезегінде аудан, облыс экономикасының көтерілуі үшін серпін береді. Тағы бір жағынан ауданымыз ауыл және мал шаруашылығын негізгі тіршілік көзіне айналдырған. Ауданда 35 мың гектар суармалы жер, көптеген канал бар. Осы ретте ауданның суландыру жүйесін реттеп, бүлінген каналдарды бүтіндеп алсақ, мал және ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына үлкен қолдау болары анық.  Бұл жобалар да облыс басшысы тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта жүзеге асады деген ойдамын, – дейді Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков журналистерге берген сұхбатында.

Әкімдер есебінде Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың жоспары көп қолдауға ие болды. Егер қала әкімі ұсынған жобалар толығымен қолдау тапса, облыстағы үш қаланың бірі және кейінгі жылдары дамуы қарқынды, туризм саласындағы үлесі басым қаланың бет-бейнесі жандана түспек. Расында, Нұрлан Орынбасарұлы Қапшағай қаласының тізгінін ұстағалы көп болмаса да, оның өзі басқарып отырған қаланың тыныс-тіршілігі, инфрақұрылымы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы, қаладағы әр саланың бүгінгі мүмкіндіктерін терең зерделеп, толық танысқанын есеп беру барысындағы әр қимылы мен түйінді сөздерінен аңғардық. Ол жарты сағатқа созылған есеп барысында ауқымдылығы, маңыздылығы, өміршеңдігі жағынан қаланың өркендеуіне үлкен үлес қосатын онға жуық жаңа жобаны ұсынып үлгерді. Оның қатарында барлық саланың дамуына керекті тың жобалар қамтылған. Әсіресе, тұрғын-үй инфрақұрылымын жүзеге асыру, Қапшағай көлінің жағалауындағы демалыс орындарының жұмысын жетілдіру, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жобалары облыстағы өзге қалаларға үлгі болатындай-ақ.

Ұсынған барлық жоба облыс әкімі тарапынан толық қолдау тапты. Амандық Ғаббасұлы орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына Нұрлан Орынбасарұлының жобасына керекті қаржы көзін реттеп, оның жүзеге асуына қолдау танытуын тапсырды.

Облысымыздағы жас әкімдердің бірі Батыр Молдахметовтің Текелі қаласының тізгінін қолына алғалы көп бола қойған жоқ. Бірақ оның да өз қызметіне ерекше жауапкершілікпен қарайтындығы белгілі болды. Моноқаланы өркендетудің бар мүмкіндігін қарастырып жатқаны облыс әкіміне берген есебінен де көрінді.

Текелі - жалпы туризмнің құт мекені. Сондықтан, ондағы барлық жоба-жоспар осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі іске асуымен еншілесіп жататыны белгілі. Батыр Қайыркенұлы осыған орай өзінің бірнеше жобасын таныстырып, ұсынысын айтып, қаржылық қолдау танытуды ұсынды.

Текелінің туристік аумақтарындағы интернет желісінің туристерге көп қиындық тудырып келе жатқаны белгілі. Бұйырса, бұл мәселе де алдағы уақытта толық шешімін табатыны айтылды.

Әкімдер есебіне Талдықорған қаласынан ерекше бір тың жоба түседі деген үмітпен барып едік. Өкінішке қарай, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың аузынан елең еткізер жайды естімедік. Облыс әкімі Амандық Баталов та Талдықорған қаласы әкімінің бекітілген жиналысқа дайындықсыз келгенін сынға алды. Десе де, Талдықорған қаласындағы Алматы қаласына шыға берістегі Жансүгіров көшесінің бойындағы Талдықорған медициналық колледжінің алдына және Қадырғали Жалайыри көшесінің коттеджді қалашық аумағындағы жолға бағдаршам орнатып, жолаушылардың іркіліссіз жүруін қамтамасыз ету мен төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жобасы қолдау тапты.

Жақсы істер айтылып, жағымды жобалар ұсынылып, оның көбі облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, кейбірі сынға ұшыраған жиналыстың жалпы баяны осылай болды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы