ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС: ЕКІ АДАМ АУРУХАНАДА КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 03.12.2020
Оқылды: 1253
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандағы газ жарылысы салдарынан ауыр жараланған 8 адамның екеуі ауруханада көз жұмды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Алдымен осыдан бірнеше күн бұрын 14 жастағы бала қайтыс болған еді. Бүгін таңертең сағат 9:15-те екінші адам аурухана қабырғасында жан тапсырды. 1972 жылы туған әйелдің денесін 80-82 пайыз күйік шалған.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бүгін таңертең аппаратқа таңылған науқас әйелдің жағдайы күрт нашарлап, бір сағат көлемінде реанимациялық шаралар жүргізілген. Өкінішке қарай, жүрек соғысы қайтадан қалыпқа келмеді.

Ал газ жарылысынан зардап шеккен 1951 және 1970 жылы туған екі адамның жағдайы жақсарып, жан сақтау бөлімінен травматологияға ауыстырылды. Олар жүйелі түрде ем қабылдап жатыр. Сонымен бірге, оларға психологиялық көмек көрсетілуде. Облыстық ауруханада жатқан тағы бір науқастың жағдайы ауыр. Ол жан сақтау бөлімінде. Оған эндотрахеальды анестезиямен жамбас сүйектерінің орнын ауыстыру операциясы жоспарланған.

Облыстық ауруханада жатқан екінші науқастың жағдайы қанағаттанарлық, денсаулығы жақсарды. Ем қабылдау үстінде. Ал облыстық балалар ауруханасындағы екі баланың жағдайы орташа ауыр. Балалар аурухананың хирургиялық бөлімінде емделуде.

Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Талдықорғанға қарасты Еркін ауылындағы жеке тұрғын үй секторында газ баллоны жарылып, бүтін бір отбасы зардап шеккен болатын. Апат салдарынан сегіз адам ауыр халде Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына, облыстық ауруханаға және балалар ауруханасына жеткізілген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"