ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАЛА ІШІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Уақыты: 05.12.2020
Оқылды: 1106
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандағы автопарктер жаңартылып, қала тұрғындарына ақпан айынан бастап отандық жаңа автобустар қызмет көрсетеді. Мұндағы басты мақсат – талдықорғандықтардың жайлы, кең, экологиялық таза қоғамдық көліктермен жүруін қамтамасыз ету. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен автобустарды тестілеуден өткізу барысында айтылды.

Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-мен келісім жасалып, жергілікті бюджеттен «Жетісу» ӘКК арқылы 55 жаңа автобус сатып алынбақ. Олар қаржылық, заңдық тұрғыдан барлық талаптарға сай келетін қаланың бірнеше автопарктеріне 7 жылға лизингіге беріледі.

Облыс әкімі бірер жыл бұрын Талдықорғандағы тозығы жеткен қоғамдық көліктерді жаңартатын уақыт келгенін, бұл ретте отандық автобустардың мүмкіндіктерін зерделеп көру керектігін айтқан болатын. Жаңа автобустар сатып алу осы тапсырма аясында жүзеге асып отыр.

Жаңа автобусты «СарыарқаАвтоПром» зауытының өкілі Александр Цой таныстырды. Автобустың кіреберіс баспалдағында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус қарастырылған, ал автобус ішінде қоларбаға арналған орын бар. Автобустың орындықтары жайлы, іші кең, арнайы бейнекамералар орнатылған. Экологиялық жағынан таза, яғни автобус газбен жүреді. Көліктің барлық мүмкіндіктерімен танысқан облыс басшысы А.Баталов ұзындығы 10,3 метр болатын үлкен автобустарды қаланың негізгі көшелеріне жүргізу керектігін айтты, себебі індет кезінде адамдар бір-бірінен алшақ тұрғаны жөн. Ал ондай мүмкіндік жасау үшін автобустардың іші осындай кең болуы тиіс. Ал одан кіші автобустар қосалқы көшелердің бағытында жүреді.

Тасымалдаушыларға қарата облыс әкімі:

- Біз сіздерге осындай жаңа автобустарды 7 жылға лизингіге алып береміз. Бұл игілікті сіздер үшін емес, бірінші кезекте қала тұрғындары үшін жасап жатырмыз. Ал автопаркке көліктердің ішін таза қалпында сақтап, күтіп ұстау міндеті жүктеледі. Жүргізушінің жауаптылығынан бастап кондукторлардың киіміне дейін бірыңғай, жоғары талапқа сай болуы керек. Біздің Талдықорған басқа қалалардан кем емес, сондықтан, біз қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне шығуымыз керек, - деді А.Баталов.

Атап өтсек, Талдықорғанда қазір 26 бағытта 196 автобус қатынайды. Олардың көпшілігінің базасы ескірген. Сондықтан, «Ақнар», «Жан ел», «Сайман», «Таксопарк», «Транстал» сияқты жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелердің автопарктері үшін сатып алынатын «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-ның 55 жайлы жаңа автобусы қоғамдық көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл мемекелерге қоғамдық көліктер 7 жылға лизингіге беріледі. Алынатын автобустардың 28-і – Yutong маркалы, 27-сі – ПАЗ маркалы автобус.

– Қала барған сайын кеңейіп, адам саны өсіп, күнделікті жолаушылар автобусымен жүретіндер артып келеді. Сондықтан, жолаушылар автобусы жаңа, жайлы, ретті болуы керек. Әрине, бұл бастаманы қолдаймыз. Бірақ сатып алынатын автобустар ыңғайлы және сапалы болуы керек, – деді облыс басшысы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"