"ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР ЖОҚ": КӨЛСАЙ КӨЛІ МАҢЫНДА ЖЕР ДҮМПУІ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 12.12.2020
Оқылды: 1591
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының Кеген ауданында, Көлсай көлі маңында, Саты ауылында жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің сейсмикалық станциялар желісі 11 желтоқсанда Алматы уақытымен кешкі 20 сағат 19 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан 110 шақырым жерде, Алматы облысының Кеген ауданында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы - 10.1. MPV магнитудасы - 4.6. Тереңдігі - 15 шақырым. Кеген ауданы, Саты ауылында 2-3 балл болды. Департамент ақпаратты алғаннан кейін жергілікті атқарушы органдарды, полиция департаментін, "Қазселденқорғау", прокуратура және басқа да ұйымдарды хабардар етті. Жағдай нақтыланып жатыр. Қираған ғимарат, зардап шеккендер туралы хабарлама түскен жоқ.

Осыған байланысты жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін естеріңізге саламыз:

-ғимараттан шығыңыз (15-20 секундта);

-жоғарғы қабаттарда қалған жағдайда баланы құшақтап алып, есік ойығының орнына немесе іргелі қабырғалардан құралған бұрышта тұрыңыз;

-ешқандай жағдайда терезе жанында тұрмаңыз және балкондардан секірмеңіз.

-ғимараттардан, құрылыстардан, бағаналар мен қоршаулардан алыс тұрыңыз;

-үйге кірмеңіз, дүмпулер қайталануы мүмкін;

-жеделсатыны пайдаланбаңыз;

-сіріңке, шам жағуға болмайды;

-сымдарға қол тигізбеңіз;

-зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"