ШЫМБҰЛАҚ БАСЫНДА ӘБДЕН ТОҢЫП, АДАСЫП ҚАЛҒАН ЕР АДАМ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 14.12.2020
Оқылды: 830
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле Алатауында адасып, тоңып қалған 65 жастағы ер адам құтқарылды.

Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне Шымбұлақ курорты Медеу ауданында 3000 метрден астам биіктікте, Шымбұлақ өзенінің бойында 1955 жылы туған ер адам адасып кетті деген хабарлама келіп түсті.

"Ер адам «Малая кругосветка» бағытына қарай жүрген. Алайда жауған қардың биіктігі 1 метр және тасты жолдан өту қиын болғандықтан, ол жолдан шығып кеткен. Жолда өздігінен жүре алмай, тоңып, әлсіреп қалған. Осы сәтте адасқан адамға құтқарушылардың көмегі қажет болды", - делінген құтқару жасағы таратқан хабарламада.

Оқиға орнына шұғыл түрде 6 құтқарушы, соның ішінде, ит ерткен республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы жолға шықты. Құтқарушы топ қар басқан, шалғай ойлы-қырлы жерлерден өтіп, бір сағат ішінде зардап шеккен адамды тапты. Оған алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Қатты тоңып қалған ер адамға құтқарушылар ыстық шай, жылы киім берген. Мамандар оған шұғыл көмек көрсетіп, қауіпсіз жерге жеткізді. Адасқан адамның жағдайы бүгінде бірқалыпты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"