ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҮШ ЖАМПОЗЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 17.12.2020
Оқылды: 1304
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақпарат айдынында жемісті желкен көтеріп, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірлік міндетті адал атқарып жүрген журналистердің қоғамдағы орны ерекше. Олар әрдайым ұлт пен руханият үшін, мемлекеттің дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Жетісу журналистикасының бүгінгі таңдағы қара нарлары деп Әміре Әрін, Мейрам Базарұлы, Атсалим Идиговты айтуға толық негіз бар. Олар кешегі келмеске кеткен кезең мен егемендік жылдарында ұлт, мемлекет үшін қаламын қару етіп, тараулы тарихтың зерлі беттеріндегі ұлы оқиғаларды жаңғыртып, күнделікті өмірдегі аламан дүниені айрықша айшықтады. Кіл классиктер қалыптастырған үрдіспен жас буынды тәрбиелеп, ақпарат айдынында жүздірді. Ұрпақ сабақтастығын сәтті жалғастырған, руханиятқа сүбелі үлес қосқан шығармашылықтарымен жұрт ықыласына бөленді.

Міне, ел ықыласына бөленген осынау зиялы азаматтар ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында мерейленді. Айтулы журналистерге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің медиа-орталық басшысы, подполковник Р.Жантеновтің Алғыс хаты салтанатты түрде табысталып, руханият пен рух, Отан мен ұлт үшін қаламмен қызмет етіп келе жатқан жетісулық журналистика жампоздары қастерлі мерекеде марапатталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы