АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ ІЗГІ ТІЛЕГІН БІЛДІРДІ

Уақыты: 16.12.2020
Оқылды: 875
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен барша жетісулықтарға ізгі тілегін жолдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

"Құрметті жетісулықтар! Еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – бабалардың арманы мен аманаты, халықтың бағына бұйырған қастерлі құндылығы, үміті мен сенімінің, күш-жігерінің сарқылмас көзі, табанды тірегі. Тәуелсіздіктің арқасында бүгінде Қазақ елі Уақыт деген алып мұхиттың үстінде желкенін керген кемедей болашаққа бет түзеп келеді.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың терең талдауға, стратегиялық мақсаттарға негізделген салиқалы саясаты мемлекеттілікті қалыптастырып, дамудың жаңа белесіне жол ашты. Елдің ұлттық заңнамалары түзіліп, шегарасы шегенделді, жаңа астанасы бой көтеріп, экономикасы жаңа жүйеге бейімделді, тарихи жады қайта жаңғырып, қоғамдық сана жаңаша қалыптасты. Жүргізілген реформалар қоғамның сапалық тұрғыдан өзгеруіне, алға қойған мақсат-міндеттерге табанды түрде ілгерілеуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі алдымызға қойып отырған талабы да Елбасының осы сындарлы жолымен жалғасты әрі үйлесімді үндестікте.

Қашанда тәуелсіздік – киелі құндылығымыз, ынтымақты ел болу – асыл мұратымыз, өркениетке қадам басу – басты бағытымыз. Тұңғыш Президентіміз: «Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында», – деген еді. Осы жолда жетістіктердің кілті, табыстың тетігі болған татулықты тұғыр етіп, еселі еңбекпен тәуелсіздікті одан әрі нығайтуға барша қазақстандықтармен бірге жетісулықтар да үлес қоса береді деген сенімдемін.

Құрметті жерлестер! Сіздерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, бейбіт өмір, шаңырақтарыңызға табыс пен молшылық, береке мен бірлік тілеймін!

Еліміз тыныш, болашағымыз кемел, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!" - делінген Амандық Ғаббасұлының құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"