ҚАПШАҒАЙДА ӨРТ ШЫҒЫП, КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДЕН 30 АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Уақыты: 20.12.2020
Оқылды: 963
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының Қапшағай қаласында өрт шықты. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

20 желтоқсанда, сағат 13.10-да Қапшағай қаласының "Жұлдыз" шағынауданында өрт шыққаны жайлы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу Қапшағай қаласының №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері (7 қызметкер және 2 бірлік техника, (бір автоцистерна және автосаты) және Қапшағай өңірінің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары (4 құтқарушы 1 бірлік техника) жіберілді.

Шақыру орнына келгеннен кейін жоғарыда аталған мекенжай бойынша көппәтерлі тұрғын үйде асүй жиһазы жанғаны анықталды. Төтенше жағдай қызметкерлері бес қабатты тұрғын үйден 30 адамды (оның ішінде 17 ересек, 13 бала) эвакуациялады. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер жанып жатқан пәтерден 25 литр газ баллонын алып шықты.

Өрт дер кезінде сағат 13.26-да, 4 шаршы метр алаңда сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша тілсіз жаудың туындауына электр құралдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"