ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕГЕН БІРНЕШЕ АВТОКӨЛІК ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Уақыты: 21.12.2020
Оқылды: 880
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөл ауданында "Үшарал-Достық" автожолының 92-нші шақырымында екі жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Қар құрсауына түскендер жүруге тыйым салынған жолдан бұра тартып, полиция қызметкерлері мен құтқарушылар тұрған кезекші посты айналып өтіп бара жатқан. Естеріңізге сала кетейік, бұл автожол ауа райының нашарлауына байланысты (қатты боран және нашар көріну) ағымдағы жылдың 18 желтоқсанынан бастап автокөліктің барлық түрлері үшін жабық болған еді.

Алматы облысы ТЖД құтқарушыларының (3 құтқарушы және 1 бірлік техника) және "АБК Автодор" ЖШС қызметкерлерінің (2 қызметкер және 1 бірлік техника) күшімен қар құрсауынан автожолдың тазартылған учаскесіне сүйретілді. Автокөлік салонында 3 адам болған. Аталған көлік құралдары Достық станциясына жіберіліп, эвакуацияланғаннан кейін Көктұма ауылына қайтарылды. Сондай-ақ, 20 желтоқсанға қараған түні "Үшарал-Достық" автожолының 135-нші шақырымында салонда үш жолаушысы бар бір жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды, үш жолаушының біреуі - бала. Оларды ТЖД қызметкерлері (4 қызметкер және 1 бірлік техника) құтқарды. Бұл автокөлік ШҚО-ға қарасты Жарбұлақ ауылы жағынан жабық автожолға түскен.

Құтқарылғандардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Бұған дейін Алматы облысының ТЖД СМС тарату, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы, сондай-ақ, "Дәрмен" мобильді қосымшасы арқылы "Үшарал-Достық "Республикалық маңызы бар автожолы ауа райының нашарлауына (қатты боран, нөлдік көріну) байланысты автокөліктің барлық түрлері үшін жабық" деген хабарлама таратқан болатын.

Алматы облысының ТЖД азаматтарға өз қауіпсіздігі мақсатында автожолдардың жабық учаскелеріне шығуға болмайтындығын тағы да еске салады. Алыс жолға шығар алдында сол аймақтағы ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда сізге көмектесетін барлық қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып жүруге кеңес береміз. Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны - 112.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"