ЕСІК ҚАЛАСЫНДА ТАСТАНДЫ СӘБИЛЕРДІ ҚАБЫЛДАЙТЫН ПУНКТ АШЫЛДЫ

Уақыты: 21.12.2020
Оқылды: 1377
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасы алдынан облыста бірінші рет «Үміт бесігі» әлеуметтік жобасының алғашқы қабылдау пункті ашылды. Аталған жобаның жұмысына «Alem Asar» әйелдер творчестволық бастамасы Лигасы, «Aspan Space» қайырымдылық қоры ұйытқы болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Мынау жарық дүниеде жаңа туған нәрестенің іңгәлаған дауысына не жетсін, шіркін?! Бұл сыңғырлаған үн – шаңырақтың шаттығы, ата-ананың бақыты ғой. Өйткені, дүниеге ұрпақ келді. Өмірдің мәні де, сәні де осы емес пе?!

Баладан асқан бақыт жоқ. Десек те, қоғамда осы сөзімізге керағар болатын оқиғаларды естіп, біліп жатқанда төбе шашың тік тұрады.

Жаңа туған сәбиін дәретханаға тастаған, қоқыс жәшігіне лақтырған немесе көшедегі шарбаққа іліп кеткен жантүршігерлік көріністер жаныңды ауыртады. Осыншама қатыгездікке қалай барды екен деп іштей налисың. Иә, неге барды? Бұл сұрақтың жауабы оңай емес...

Бір адам – бір тағдыр. Ал оның жан дүниесінде не болып жатқанын ешкім де білмейді. Тіпті, туысқандары да хабарсыз болуы әбден мүмкін.

Әрине «Тәрбие тал бесіктен басталады». Үйінде әке-шешесінен өнегелі тәлім алған қыз үлкен қалаға тап болады. Жанашырының бәрі ауылда қалды. Сөйтіп жүргенде «ғашығын» кездестіреді. Өмірлік жар болуға екеуі серттеседі. Бірақ... Бірақ жігіт уәдесінде тұрмады. Қыз жүкті болды. Жалғыз қалды. Не істерін білмейді. Ақылдан адасады. Жан-жағынан қолдау таппайды. Әке-шешесіне қарайтын бет жоқ. Ақыры құрсағындағы баладан тезірек құтылуға бел байлайды. Осыдан барып жоғарыда айтқан оқиғалар орын алады.

Күйзеліс адамдардың ақыл-есін ауыстырады. Сол сәтте не болғанын, не істегенін өзі түсінбей қалуы мүмкін. Бірақ артынан өмір бойы өкінеді.

«Айка» фильмін бәріңіз көрген шығарсыздар? Осы кинода ананың сол сәттегі қиналысы көз алдыңда өтеді. Актриса Самал Есләмова ол образды барынша сомдаған. Ақыры туған баласын перзентханаға тастаған ана сәбиіне қайтып оралады. Нәрестесімен қауышады. Өйткені, ана мен бала арасындағы махаббат ұлы сезім.

Мұны неге айтып отырмыз? Осындай тағдыр тәлкегіне түскен жандар қоғамымызда аз емес. Барар жер, басар тауы қалмағанда олар амалсыз жантүршігерлік әрекетке барады. Енді бұдан былай тастанды нәрестелерді «Үміт бесігі» тербететін болады.

Аталған пункттің ашылу рәсімінде сөз алған аудан имамы Төреқұл Сапархан мұндай сауапты істі ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірді.

– Өз баласынан жеріну, оны тастап кету - ауыр күнә. Мұндай әрекетті ешқандай дін құптамайды. Ислам діні – адамдарды ізгілікке бастайды. Бүгінгі ашылып жатқан «Үміт бесігі» сондай ізгі істердің бірі деп санаймын. Жаңа туған нәрестенің өміріне қауіп төнген сәтте араша түсуден артық қандай адамгершілік бар? – деді бас имам Төреқұл Сапархан.

Бұдан кейін Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуова ақ халатты абзал жандар қашанда адам өмірін сақтап қалу жолында аянбайтынын тілге тиек етті.

– Дәрігерлер өмір үшін күреседі. Қазір өкінішке қарай, тастанды балалар жиі кездесіп жатады. Осыдан бір жыл бұрын дүкеннің алдындағы шарбақтан жаңа туған нәресте табылды. Абырой болғанда ол жаз мезгілі еді. Көрген жандар бірден тиісті орындарға хабар берген. Соның арқасында сәби аман қалды. Біз бұл жобаны бірауыздан қолдаймыз. Өйткені, адам өмірі – дүниедегі ең қымбат қазына, – деді Жәмилә Санаққызы. Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момынжан Исламов та қолға алынған бұл жобаға аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

Ашылу рәсімі кезінде «Aspan Space» қайырымдылық қорының өкілі, «IndiGo event» агенттігінің директоры Индира Жакубекова «Үміт бесігі» пунктінің қалай жұмыс істейтінін келушілерге тәптіштеп түсіндіріп берді.

– Жаңа туған сәбиін тастауға бекінген ана пунктке келген кезде ең алдымен оның бетіндегі жазуларға көзі түседі. Мұнда «Есікті ашқаннан кейін сен бауыр етіңнен бас тартасың. Балаңды басқа біреу бауырына басады. Тура қазір ойыңнан айнып, балаңа қамқор болғың келсе, полицияға не әлеуметтік қорғау ұйымдарына жүгін. Сондықтан, шешіміңді өзгертпей тұрып тағы да ойлан!» деген сөйлемдерге назар аударады. Мұнда тиісті орындардың телефон нөмірлері де жазылған. Егер нәрестенің анасы баланы тастауға мәжбүр болса, онда тиісті терезені ашады да бөбекті сонда қалдырады. Осы сәтте дәрігерлердің ұялы телефондарына, ауруханаға бірден белгі беріледі. Бір минуттың ішінде мейірбике келіп, тастанды баланы ауруханаға алып кетеді. Оның ары қарайғы тағдыры енді мемлекеттің қарауына өтеді, – деді Индира Жакубекова.

Иә, аталған пункттің қалай жұмыс істейтінін, тастанды баланы қалай қабылдайтынын мамандар іс-қимылдар арқылы бүге-шігесіне дейін көрсетті.

Жиналғандардың бәрі бұл орынға сәбилердің келмеуін тіледі. Лайым, солай болсын! Ал егер өз баласынан жерініп, сәбиін тастауға бекінген аналар болса, «Үміт бесігі» бар екенін ешқашан ұмытпасын. Өйткені жаңадан көзін ашқан сәбидің ешқандай кінәсі жоқ. Оның өмір сүруге толық хақысы бар.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы