ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚАЛАМ ТЕРБЕГЕНДЕР ҚАРЖЫЛАЙ СЕРТИФИКАТ ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 22.12.2020
Оқылды: 1246
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және Алакөл аудандық әкімдігі бірлесіп, облыста «Адал қалам» мақалалар байқауын жариялаған еді. Додаға облыс аумағынан барлығы 28 үміткер қатысып, бап пен бақ таласына түсті. Жемқорлыққа қарсы қаламын қисайтқан азаматтардың ішінен шын мықтылары іріктеліп, марапаттау рәсімі өтті.

Шараның шымылдығын ашқан Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Абдинов: «Барлығымыз білетіндей сыбайлас жемқорлық тек Қазақстанды ғана емес, барша әлем мемлекеттерін алаңдатып отырған күрделі мәселе. Оның алдын алу мәселесі жалпыхалықтық көрініс тауып отырған өзекті дүние екендігі жасырын емес. Бұл ретте мемлекет тарапынан жең ұшынан жалғасқан әрекеттердің тамырына балта шабу мақсатында түрлі реформалар мен заң тармақтары қабылданып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында басшылармен тікелей эфирлер, баспасөз мәслихаттары тұрақты өткізілуде. Одан бөлек жемқорлыққа қарсы кері пікір қалыптастыру үшін әр мектеп, мекемелерде жиындар, байқаулар, пікірсайыстар, дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылуда. «Адал қалам» облыстық бәйгесі - соның бір дәлелі. Жетісудің жемқорлыққа қарсы азаматтары өз ой-пікірлерін ақ параққа түсіріп, қаламгерлер аламанында шын мықтылар оза шапты. Жеңімпаздарға жаңа белестер, қатысушыларға кезекті жеңіс тілеймін», - дей келе, жүлдегелерді марапаттады.

Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орын Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті журналистика мамандығының студенті Маханов Асыланға бұйырды. Екінші орынды Қоңыр орта мектебінің жас ұстазы, аудан еріктілерінің бірі Базарбеков Ануар еншілесе, жүзден оза шапқан облыстық дін істері басқармасының баспасөз хатшысы Айтбаев Темірлан бірінші орынды қанжығасына басты. Жүлдегерлерге арнайы диплом, қомақты қаржылай сыйлық және «Адал қалам» мүсіншесі табысталды. Қатысушылар да департамент басшысының арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

Келесі кезекте мінбер төрінен көрінген дода жеңімпазы Темірлан Айтбаев өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп, Қазақстанның ертеңі жемқорлықсыз болуы өзі секілді жастардың іс-әрекеттеріне, таным-түсінігіне тікелей байланысты екенін айтып өтті.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы