КОРОНАВИРУС: ПАНФИЛОВ АУДАНЫНА ЕКІ САНИТАРЛЫҚ БЕКЕТ ОРНАТЫЛАДЫ

Уақыты: 22.12.2020
Оқылды: 767
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Панфилов ауданына екі санитарлық бекет орнатылады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Панфилов ауданының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлады.

Аудандық бас санитардың Қаулысына сәйкес, 24 желтоқсан, таңғы сағат 7:00 ден бастап ауданға кіреберіс республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға санитарлық бекет орнатылады. Онда: "Полиция мен медицина қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар ауданға кіретін және шығатын азаматтарға байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізу арқылы деректер жинау үшін санитариялық бекеттер орнатылсын", - делінген.

Өңірдегі сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай соңғы 7 күнде 100 мың тұрғынға шаққанда вирус жұқтырғандар көрсеткіші - 45,1 пайызды, яғни, 57 жағдайды құрап отыр. Сондай-ақ, ауданда қоғамдық тамақтанатын орындар жабылып, балабақша, білім беретін мекемелер жұмысы тоқтатылды. Білім ошақтары 80 пайыз онлайн, 20 пайыз офлайн форматқа көшірілді. Қаулыда көрсетілген тармақтарды басшылыққа ала отырып, өңірде мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылған.

Жалпы, Панфилов ауданы пандемияның екінші толқынына толықтай дайын. Жақында орталық аурухана ауласына жаңа оттегі станциясы орнатылған. Аурухана бойынша 20 жасанды өкпе демалдыратын аппарат (ИВЛ) бар. Қосымша 44 оттегі концентраты бөлімдер мен ауылдық амбулаторияларға орнатылды. Сонымен қатар, жаңа 4 санитарлық автокөлік алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан