"АҚ ЖОЛ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ АККУМУЛЯТОР ЗАУЫТЫНА БАРДЫ

Уақыты: 24.12.2020
Оқылды: 1106
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясының Алматы облыстық филиалы мүшелері мен партия төрағасы Азат ПЕРУАШЕВ Талдықорған қаласындағы "Қайнар-АКБ" аккумулятор зауытына барды. Бұл туралы "Жетісу" газеті "АҚ ЖОЛ" партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

"Ақжолдықтарды" "Қайнар-АКБ" ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Қуаныш Әжмағанбетов күтіп алып, зауыт ішіндегі цехтармен таныстырды. Партия мүшелері аккумулятордың алғашқы жұмысынан бастап дайын өнімдер цехына дейінгі барлық үдерісті көріп шықты. Таныстырылым аяқталған соң партиялықтар зауыт жұмысшыларымен кездесіп, "АҚ ЖОЛ" демократиялық партиясының бағдарламасын таныстырды.

Пандемия кезінде де зауыт өз жұмысын тоқтатпаған. Оның басты себебі сапалы аккумуляторға сұраныс жоғары. Айталық, көрші Ресейдің өзі зауыттың 29 түрлі аккумуляторына тапсырыс берген. Сонымен қатар, Алматы облысының бұл өніміне Италия мен Германия, Польша мен БАӘ (Біріккен Араб Әмірліктері) елдерінен тұрақты түрде тапсырыс түсіп тұрады.

Айта кетейік, «Қайнар-АКБ» компаниясы - «Самұрық-Қазына» холдингі отандық тауар өндірушілерінің реестрінде, сондай-ақ, «Interbat» аккумуляторлық батарея өндірушілердің халықаралық одағының мүшесі болып табылатын отандық зауыт. Бүгінгі күні «Қайнар-АКБ» ЖШС аяғынан нық тұрған, экономикасы дамыған және аккумуляторларды толық шығаратын ірі кәсіпорын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"