КЕГЕНДЕ ҚАБАН АТЫП АЛҒАН АҢШЫНЫҢ ҮСТІНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 26.12.2020
Оқылды: 930
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеген ауданында қабанды заңсыз атқан тұрғын ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Алматы облысы аумағында жүргізіліп жатқан «Шырша» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде Кеген ауданының табиғатты қорғау полицейлері заңсыз аң аулау дерегін әшкереледі. 32 жастағы аудан тұрғынының қылмысқа қатысы бар екені анықталды.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 1988 жылы туған азамат Қарқара өзенінің бойынан жабайы аңды атып алғанын мойындады. Аң еті тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды, - деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғат қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Естеріңізге сала кетейік, «Шырша» жедел алдын алу іс-шарасы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқан жапырақты жас бұталарды жаппай кесудің алдын алу және орманды қорғау мақсатында ұйымдастырылуда. Желтоқсан айының 15-ші жұлдызында басталған арнайы шара жыл аяғына дейін жалғасады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан