ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ КРЕДИТТІ КЕШІРУ ТУРАЛЫ БАСТАМА КӨТЕРДІ

Уақыты: 01.01.2021
Оқылды: 878
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Халық партиясының Алматы облыстық сайлауалды штабының белсенділері Талдықорған қаласында «Есіктен есікке» атты акция өткізіп, көпшіліктің ой-пікірін білді, ықылас-пейілін ұғынды.

Қала тұрғындарына үгіт-насихат материалдары таратылып, сайлауалды бағдарламаның негізгі тезистері түсіндірілген акцияда облыстық сайлауалды штаб басшысының орынбасары және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Олжас Ибраимов көпшілікке Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында ұсынылған мүмкіндіктер мен жобаларды егжей-тегжейлі таныстырып өтті.

Оның айтуынша, коронавирус салдарынан қаржылық қиындыққа тап болған адамдарға банктердің есебінен несие рақымшылығы жүргізілуі тиіс. Өйткені, әрбір адам мемлекеттің басты байлығы екендігі ҚР Конституциясында анық жазылған. Сондықтан, несиесін уақытында төлей алмай жүрген жандарға қолдау көрсетіліп, қиындықтан шығар жол берілуі қажет.

– Ерте көктемнен басталған карантиндік шектеулердің кесірінен ала жаздай үйінен шықпай үйреншікті табысынан қағылған қарапайым халық үлкен шығынға ұшырап, алған несиелерін төлеуді кейінге шегергені жасырын емес. Сол себепті, мемлекет өз азаматтарына қамқорлық жасауы керек. Өйткені бұл мемлекеттің тікелей міндеті, – деген Олжас Ибраимов Қазақстан Халық партиясы ұсынған бағдарламаның бір тармағы көпшіліктің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын арттыруға арналғанын атап өтті.

Көше аралап, әрбір үйдің тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізген партияның бұл бастамасы қала тұрғындарының қолдауына ие болғанын айта кету керек.

«Қазақстан Халық партиясының» баспасөз қызметі