"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІН ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 30.12.2020
Оқылды: 1288
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ғасыр асқан ата басылымның кенжекейіндей қазақылық пен ибалықтың үлгісін көрсетіп жүрген қаламы жүрдек Еңлік АРЫҚБАЙДЫҢ «Қаржы әліппесі» айдарымен жарық көрген мақаласы республикалық байқауда топ жарды.

Несиеден бастап банктердің қызмет жүйесі, қаржылық сауаттылық тақырыптарын бүге-шүгесіне дейін тарқатып жазатын әріптесіміз жылды жақсы қорытындылады.

Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен өткен «Еркін сөз-2020» республикалық байқауында топ жарып, «Сайттағы үздік мақала» аталымы бойынша бас жүлде иегері деп танылды. Жеңімпаз журналиске 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Айта кетейік, "Еркін сөз" республикалық байқауы төрт жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Әділқазылардың төрағасы - белгілі қаржыгер, экономист Мақсат Халық. Сондай-ақ, әділқазы құрамында елімізге танымал журналистер, банк өкілдері бар. Байқаудың мақсаты - қазақ тілінде жазылатын құнды материалдар арқылы қаржылық сауаттылықты арттыру, экономика, қаржы тақырыбын көтеретін қазақтілді журналистерді шыңдау. Биыл ел бойынша осы тақырыпта 200-ден аса мақала келіп түскен. Оның ішінде 60 шақтысы іріктеуден өтті. Үш аталым бойынша үш бас жүлде және ынталандыру сыйлықтары тағайындалды. Газетіміздің тілшісі Еңлік Мархабекқызы осы додада топ жарып, бас жүлдеге ілігіп отыр.

Осынау қуаныш үстінде ата басылымның қара ормандай оқырманына ойлы мақала сыйлап жүрген қаршадай ғана әріптесімізге алар асуы биік  болсын дей отырып, лайықты жеңісімен құттықтаймыз!

"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ