АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖЕТІСУЛЫҚТАРДЫ ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 01.01.2021
Оқылды: 1153
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жетісулықтарды 2021 - Жаңа жылмен құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

"Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Баршаға үміт сыйлайтын, асқақ арманға жетелейтін Жаңа жыл да ортамызға келіп жетті. Осы мерейлі мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл балалар үшін ғажайып ертегілер мерекесі болса, үлкендер үшін бір сәт өткенді саралап, келер күнге жоспар құратын, мақсатын айқындап, сенімін еселейтін шақ. Бұл күні әр отбасы өз шаңырағында қуанышқа кенеліп, көпшілік бір-біріне «Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын» деп тілек айтады, жақсылықтан үміт күтіп, жаңа белестерге қадам басады.  

2020 жылда қиындықтар мен сын-қатерлер көп болғанына қарамастан біз салиқалы мемлекеттік саясаттың арқасында осы жылда елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл орайда иығына түскен негізгі салмақты медицина мамандары, волонтерлар, мұғалімдер, әлеуметтік және құқық қорғау қызметкерлері, экономиканың нақты секторы ұйымдарының өкілдері лайықты еңсеріп шықты. Көптеген әлеуметтік маңызды нысандар іске қосылды, мыңдаған тұрғын қоныстойын тойлады, жолдар жасалып, елді мекендерге газ жеткізілді, ауыл шаруашылығы алға басып, әлеуметтік қорғау шаралары белсенді жүргізілді, жаңа жұмыс орындары ашылып, экономикалық өсімнің тұрақтылығы сақталды.

Ең бастысы, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай берекемізді көрсетіп, өзара қолдау таныта білдік. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін.

2021 жылы да жетісулықтар осындай еңбексүйгіш, елжанды, қажырлы қалпымен биік белестерді бағындыратынына сенімім мол.

Жаңа жыл әр шаңыраққа жақсылық, молшылық пен береке, шаттық пен шуақ  алып келсін! Әрқайсыңыздың ойға алған аяулы армандарыңыз, биік мақсаттарыңыз орындалсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Жаңа жылда жақсы жаңалықтар мен игі істер көп болсын!

Сіздерге зор денсаулық, ашық аспан, бақытты ғұмыр тілеймін!

Жаңа жыл құтты болсын!" - делінген облыс әкімінің құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан