АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ҚАТТЫ АЯЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ШЕКТЕЛДІ

Уақыты: 03.01.2021
Оқылды: 978
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Алматы-Өскемен" автожолының Алакөл ауданы аумағымен өтетін тұсына ауа райының күрт суытуына байланысты біркүндік шектеу қойылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ және "Қазақавтожол" ЖШС Алматы облыстық филиалдарының хабарлауынша, ауа райының нашарлауына байланысты (ауа температурасының -35 С дейін төмендеуі) 2021 жылғы 2 қаңтар, сағат 17.00-ден 2021 жылғы 3 қаңтар, сағат 09.00-ге дейін "Алматы-Өскемен" республикалық маңызы бар автожолдың 558-615 шақырым аралығында (Үшарал қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының шекарасы) қоғамдық, сондай-ақ, дизельді қозғалтқыштармен жабдықталған автокөліктер үшін қозғалыс шектелді.

Төтенше жағдай қызметкерлері азаматтардан осы бағыттағы сапарлардан бас тартуды және 112 қызметі беретін СМС-хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Алыс жолға шыққан кезде ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда сізге көмектесетін барлық қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып жүріңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"