КӨКЖАЙЛАУДА СЫРҒАНАҚ ТЕПКЕН 24 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ ТАСҚА СОҒЫЛДЫ

Уақыты: 04.01.2021
Оқылды: 1366
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында құтқарушылар тауға серуенге барып, аяғын сындырып алған жігітті төменге аман-есен алып түсті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Сағат 15.40-та ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің кезекші-диспетчерлік бөліміне 1997 жылы туған ер адамның аяғын сындырып алғаны, өздігімен қозғала алмайтыны туралы хабарлама келіп түсті. 8 адаммен, оның ішінде, 1 кинологиялық есептен тұратын құтқару тобы және "Жедел жәрдем" көлігі оқиға орнына бірден аттанды. Жолда жедел топ жәбірленушінің достарымен хабарласып, олардың нақты қайда екенін анықтады. Құтқарушылар зардап шегушінің достарымен үзбей байланыс орната отырып, олардың жағдайларын біліп, орындарынан қозғалмауларына кеңес берді», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Белгілі болғанындай, таудан төмен сырғанаған 24 жастағы ер адам қатты жылдамдықпен тасқа соғылған, салдарынан сол аяғын сындырып алған. Құтқарушылар оқиға орнына дер кезінде жетіп, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетті, жарақат алған жігітке жылы киім кигізіп, аяғын таңып, тасымалдауды бастады.

«Зардап шеккен адамды тасымалдау жолдың мұзды, сырғанақ болуымен тіптен күрделене түсті. Соған қарамастан оны автокөлік тұрағына жақын орналасқан, шлагбаумының жанында күтіп тұрған "Апат" медицина орталығы бригадасына тапсырдық», - деді республикалық жедел құтқару жасағының мамандары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"