ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІНЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Уақыты: 06.01.2021
Оқылды: 1276
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлеуметтік желідегі бейнежазба негізінде жол ережесін бұзған автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Оқиға Талдықорғанда болған. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Алматы облысының полицейлері әлеуметтік желіні мониторингілеу кезінде жол жүру ережесін өрескел бұзу дерегін әшкерелеген бейнежазбаны тапты. Аталған бейнежазба негізінде қоғамдық көліктің жүргізушісі анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Талдықорған қаласының тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзу дерегіне бей-жай қарамай, "Инстаграмм" желісі арқылы бізге жол ережесін бұзған автобус туралы бейнежазбаны жолдады. Аталған жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 599-бабына сәйкес айыппұл салынды. Қоғамдық тәртіпті қалыптастыруға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға алғысымды білдіремін. Әр адам өз тарапынан тәртіп орнатуға үлес қосса ғана құқықтық мемлекет құрылатынын атап өткім келеді, - деді Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Тәртіп сақшылары осыған ұқсас жол ережесін сақтамау дерегінің алдын алу мақсатында қоғамдық көлік жүргізушілерімен және автопарк басшылығымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы аумағында бүгіннен бастап «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Шараның басты мақсаты – кез-келген құқықбұзушылық пен қылмысты болдырмау, оның алдын алу.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"