ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАРЫЛЫС БОЛЫП, 1954 ЖЫЛЫ ТУҒАН ЕР АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 08.01.2021
Оқылды: 1101
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы "Жетісу" шағынауданында көппәтерлі тұрғын үйде жарылыс болып, 1954 жылы туған ер адам қаза тапты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

№27 тұрғын үйдің төртінші қабатында бір бөлмелі пәтер ішінде газ-ауа қоспасының жарылысы орын алды. Өрт сөндірушілер көрші пәтерден автосаты көмегімен екі ересек адамды құтқарды, сондай-ақ, 30 адамды, оның ішінде, төрт баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Өрт шыққан пәтерде 1954 жылы туған ер адамның мәйіті табылды.

Өрттің көлемі 36 шаршы метрді құрады. Оқиға орнында Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің психологтары да жұмыс істеді. Жарылыс салдарынан құрылыс конструкциялары қираған жоқ. Алайда өрт шыққан пәтер мен кіреберістің терезелері сынды.

Газ-ауа қоспасы жарылысына 25 литрлік газ баллонынан газдың шығуы себеп болуы мүмкін. Сонымен бірге, бұл үйдің орталық газбен жабдықтауға қосылғанын айта кеткен жөн.

Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдарынан 35 қызметкер, 10 бірлік техника, Талдықорған қаласының полиция басқармасынан 8 қызметкер, 3 бірлік техника, газ қызметінен 7 қызметкер, 2 бірлік техника, су арнасынан 1 бригада, 4 "Жедел медициналық жәрдем" бригадасы, электр желісінен 1 бригада, жылу сервисінен 2 адам, 1 бірлік техника жұмылдырылды.

Төтенше жағдай қызметкерлері тұрақты негізде азаматтармен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, соның ішінде, тұрмыста газды пайдалану бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Осы үйдің тұрғындарымен де тұрмыста газды пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасы мен ережелерін сақтау, оның ішінде, 2 қабаттан жоғары көпқабатты үйлерде газ баллондарын сақтауға және пайдалануға жол бермеу бойынша жиналыс өткізілген.

Алматы облысының төтенше жағдай департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін және тұрмыста газ баллондарын пайдаланған кезде сақтық шараларын ұстануға, қауіпсіздік ережелеріне бей-жай қарамауға шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"