САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕ САҒАТ 7:00 БОЛМАЙ ЖАТЫП ЖИНАЛҒАНДАР ҚАРАСЫ КӨП

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 706
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін таңмен таласа жұртшылық ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауына асықты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжіндегі №970 сайлау уческесіне бардық. Жалпы, аталмыш білім ордасынан 2539 тұрғын дауыс бере алады. Оның 57-сі таңмен таласа дауыс беріп үлгерген.

Күн жексенбі болғанына қарамастан мұнда келушілердің белсенділігі байқалады. Дауыс беруге сағат 7:00 болмай жатып жиналғандар қарасы көп. "Әр адамның дауысы маңызды" деп тұрғындар толассыз ағылуда. Ел болашағы үшін, әркім халыққа жақын партиясын таңдауда. Сайлауға алғаш келгендердің бірі, Талдықорған қаласының тұрғыны Санияз МҰҚАШЕВ:

- Ел алдында өз парызымды өтеу, елімнің ертеңі, үздік партияны таңдау үшін дауыс беруге келдім. Бұл - әр азаматтың парызы. Біздің дауыс аса маңызды. Сондықтан, Қазақстанның болашағына қатысты науқаннан шет қалмау керек, - деп халықты сайлауға барып, таңдау жасауға шақырды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы