БІРІНШІ БОЛЫП ДАУЫС БЕРГЕН САЙЛАУШЫҒА СЫЙЛЫҚ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 798
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында №974 сайлау учаскесі орналасқан. Аталған учаскеге таңнан бері сайлаушылар үлкен ынтызарлықпен келуде. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Әр сайлаушы өзінің таңдауын жасап, азаматтық парызын атқаруда. Таңмен таласа сайлауға бірінші болып Талдықорған қаласының тұрғыны Дастан Шәкіров келіп, дауыс берді. Алғашқының бірі болып келген сайлаушыға №974 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Әділжан Ғұмаров арнайы сыйлық табыстап, сайлаушының мерейін өсірді. Сондай-ақ, елімізге белгілі сазгер, дирижер, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, Мәдениет сарайының директоры Әли Алпысбаев та өз таңдауын жасады.

Жалпы, №974 сайлау учаскесінде 2559 сайлаушы бар, оның алпыс бірі - 18 жаста. Яғни, бірінші рет дауыс беретіндер.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы