САЙЛАУҒА КЕЛГЕН АПА: "ЖАҢАША ОЙЛАЙТЫН ЖАСТАРҒА ЖОЛ БЕРУ ҚАЖЕТ"

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 857
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаскелең қаласындағы орталық кітапханада орналасқан №424 сайлау учаскесінде жауапты саяси науқанға жан-жақты дайындық жоғары екені байқалады. Таңғы сағат 7.00 болғанда дәстүр бойынша Мемлекеттік Гимн шырқалып, сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы Ұлдархан Өтеева жиналған жұртшылықты сайлау күнімен құттықтап, дауыс беру рәсімінің басталғаны жөнінде салтанатты түрде жария етті.

Қыстың қысқа күнінде таңғы жеті дегеніміз әлі қараңғы емес пе? Дегенмен, дауыс беруге келушілердің қатары мол. Кіреберісте медицина қызметкері азаматтардың дене қызуын тексеріп, санитарлық талаптардың сақталуын бақылауға алған. Сайлауға келгендер арақашықтықты сақтай отырып, бюллетеньдерін алғаннан кейін кезегімен шымылдыққа қарай жылжуда. Тізіле отырған сайлау учаскесінің қызметкерлеріне қарама-қарсы түрлі партиялардың бақылаушылары жайғасыпты.

Біз алғашқылардың бірі болып дауыс беруге келген Шара Қанатқұлқызын әңгімеге тарттық.

- Тәуелсіздігімізді жария етіп, шекарамызды шегендеп алғанымызбен елімізде шешілмеген мәселелер әлі баршылық, – дейді 82 жасқа келсе де, қоғамдық шаралардан тысқары қала қоймаған Шара апа. – Бұған дейінгі Парламент өз хал-қадірінше жұмыс жасады деп есептеймін. Дегенмен, мына уақыт жаңаша ойлайтын, замана тынысын тап басып тани алатын, оқыған-тоқығаны мол жастарға жол беру керектігін аңғартып отыр. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығарушы органға әйелдер мен жастарды тарту жөніндегі талабын құп көріп отырмыз. Әйел – мейірім иесі, ол – ана! Әйел адам қашанда соғысты емес, бейбітшілікті қолдайды, отбасы мен балаларының амандығын тілейді. Міне, сондықтан да жоғары билікте әйелдердің өкілдері көбірек болғаны абзал. Мына іргедегі Қарғалы ауылында мен ежелден танитын Әлия  Әбсеметова деген келіншек тұрады. Ол өзінің балаларымен қосы тағы алты-жеті баланы қамқорлығына алып, асырап-бағып отыр. Әлияның Парламент Мәжілісіне үміткер болып түскенін естігенде қуанғаным сондықтан. Әрине, ер-азаматтардың қоғамдағы орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, олардың жанында кеңес беріп отыратын парасат-пайымы жоғары әйелдер мен жалынды жастардың жүргені дұрыс деп есептеймін!

Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауының өту барысы жайлы Қарасай аудандық аумақтық сайлау комисиясының төрайымы Ғалия Амановадан білдік.

- Ауданданымыздағы бір қалалық және он ауылдық аумақтарда 101 сайлау учаскесі бар, – дейді Ғалия Матанқызы. – Бұл шараға барлығы 824 адам тартылған. Аудан бойынша 184 114 адам дауыс беру құқығына ие болған. Сайлау комисиясының мүшелері арнайы семинарларда біліктілігін жетілдіріп, сайлауға қатысты екі мәрте тест тапсырды. Осы сынақтардан сүрінбей өткендерге арнайы сертификат берілген. Пандемияға байланысты сақтық шаралары толықтай ойластырылған. Өздеріңіз көріп отырғандай, қызметкерлер жеке қорғану құралдарымен толықтай қамтамасыз етіліп, залалсыздандыру жұмыстары екі сағат сайын жүргізіліп отырады. Сырқат адамдар, мүгедектер мен жасы 60-тан асқандар, мұның сыртында үйде дауыс беремін деп өтініш білдіргендерге түстен кейін комисия мүшелері арнайы барып, тасымалданатын жәшікпен дауыстарын жинайтын болады. Парламент Мәжілісіне үміткер бес партия мен ауданда тіркелген «NUR OTAN», «Ауыл» және «Адал» партияларынан жасақталған бақылаушылар, АҚШ пен Финляндиядан келген қонақтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері еш кедергісіз өз жұмыстарын атқаруда. Жалпы, бүгінгі сайлау ешқандай оқыс оқиғасыз, қалыпты өтеді деп сенемін. Себебі, оған қажетті барлық жағдайлар ойластырылып, жасалып қойған.

Иә, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы еліміздің ертеңгі күні үшін аса маңызды шара екенін қапысыз ұққан қазақстандықтар белсенділік танытуда. Осылайша Заң шығарушы билік жақын уақытта жаңарған, жасарған құраммен жұмыс жасай бастайды деп сенеміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы