ҰЗЫНАҒАШТА ТҰРАТЫН КЕЙУАНА САЙЛАУҒА ҰЛЫ МЕН КЕЛІНІН ЕРТІП КЕЛДІ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 834
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұзынағаш ауылындағы №267 сайлау учаскесі С.Бердіқұлов атындағы орта мектепте орналасқан. Сайлау учаскесі комиссиясының хатшысы Қуанышбай Абдуллаевтың айтуынша, мұнда тіркелген сайлаушылардың саны - 2542 адам. Дауыс беру таңғы сағат 7-де салтанатты жағдайда басталып, жастары 18-ге енді толған Арман Мұса мен Томирис Байболатова алғашқылардың бірі болып бюллетень белгілепті. Түске дейін сайлаушылардың тең жартысы дауыс берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Мұнда келген сайлаушылар ең алдымен сақтақ шараларының қатаң сақталғанын байқайды. Есіктен енгенде қолды залалсыздандырып, дене қызуы өлшенеді. Одан кейін комиссия мүшелерінің алдындағы тізімнен өздерінің аты-жөндерін көше бойынша анықтатып, қолдарына бюллетень алып, таңдаған партиясын кабинада белгілеп, жәшікке салады.

Еліміздегі саяси науқанға отбасымен келген ана Ерен Омарәлиева да сөйтті. Ұлы мен келінін ерткен ана дауыс беріп болғаннан кейін оларды сайлау учаскесінің сыртында әңгімеге тарттық. Ұлы Айбол Дүйсенәлінің жасы 24-те, ал келіні Мөлдір Отарбаева 21-де екен.

- Сайлауға отбасымызбен бару біздің әулетте бұрыннан қалыптасқан дәстүр десем де болады. Қазір зейнеткермін. Кезінде жауапты қызметтерде істедік, партияның белсенді мүшесі болдық. Ол кезде сайлауға таңмен таласа елдің алдымен баратынбыз. Қазір де саяси науқандардан қалыс қалмай, үнемі өзімнің үнімді білдіріп отырамын. Балаларыма да елдің қоғамдық-саяси өмірінде белсенді болыңдар деп айтып отырамын. Менің байқауымша, қазіргі жастардың белсенділігі төмен бе деймін. Жастар белсенді болуы керек. Өйткені, болашақ солардікі. Еліміздің ертеңі қандай болары соларға байланысты. Сондықтан еліміздің ертеңінің қандай бағытты ұстанатындығына тікелей әсер ететін осындай саяси шаралардан олар қалыс қалмауы керек. Мұны оларға үйдегі ата-анасы айтпаса, кім айтады?! Ұлым мен келінімді өзіммен бірге ертіп келуімнің себебі осы. Бұлардың өмірі біздікінен де жақсы болуы тиіс. Ал халықтың өмір сүру деңгейін жақсартатын заңдарды депутаттар қабылдайды. Жергілікті жерлердегі мәслихаттан бастап, Парламенттегі партиялардың қайсысы халыққа шын жанашыр болса, халық соны қолдайды. Бүгінгі сайлау сол үшін жасалды деп санаймын. Халық өзі сенген, көңілінен шыққан партияға дауыс беріп жатыр. Сол сеніміміз қаншалықты ақталады, оны алдағы уақыт көрсете жатар, - деді.

Алты баланың анасы Ерен апайдың жасы 65-те. Бүгінде бес қыз, бір ұлының барлығы аяқтанып, өз алдына үйлі-жайлы болған. Ұзынағашқа жақында ғана Алматыдан көшіп келіпті. Алмалы көшесінде тұрады. Бір қызығы, өздері Жамбыл ауданымен іргелес жатқан Қордай аймағындағы Алмалы ауылының тумалары екен. Алма бағындай жайқалған ертеңгі күнге сеніміміз мол дейді Айбол мен Мөлдір де.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы