АМАНДЫҚ БАТАЛОВ №974 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 1209
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жексенбінің таңы қарбаласпен басталды. Күллі қазақ ел үшін үлкен мереке, азаматтық борыш, саяси науқан кезінде сайлау учаскесіне қарай бет алып, өз таңдауын жасауға асықты. ҚР Парламенті Мәжілісіне және түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауға Талдықорған қаласының тұрғындары үлкен белсеніділікпен қатысуда. Солардың ішінде Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ та зайыбымен бірге өз таңдауын жасап, ел болашағы үшін дауыс берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

"Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов зайыбымен бірге Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан №974 сайлау учаскесіне барып, Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады", - делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жалпы, облыс бойынша 1053 сайлау учаскесі, 1 400 038 сайлаушы бар. Соның бірі - І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан №974 сайлау учаскесі. Аталған учаскеде 2559 сайлаушы тіркелген. Оның 61-і он сегіз жастағылар.

Айта кетейік, сайлауға ең бірінші болып Талдықорған қаласының тұрғыны, әскери қызметкер Дастан Шәкіров келіп, дауыс берді. Сайлау учаскесінде барлық санитарлық талаптар сақталып, келген тұрғындардың дене температурасы өлшеніп, арнайы бетперде мен қолғаптар таратылып, келушілерге сапалы қызмет көрсетілуде. Додаға түсіп жатқан бес партияның бақылаушы өкілдері де төрден орын алып, сайлау барысын жіті бақылауда.

Одан кейін 18 жасар Айсара Исаева да дауыс беріп, өзінің азаматтық борышын атқарды. №974 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Әділжан Ғұмаров, бірінші келген сайлаушы мен бірінші рет дауыс беріп тұрған Дастан мен Айсараға естелік сыйлық беріп, мерейлерін өсіріп тастады.

Аталған учаскеге бір ғана адам үйден дауыс беруге өтініш берген. Сайлау учаскесінің қызметкерлері 82 жасар Александра Федоровскаяға арнайы барып, өз таңдауын жасауға мүмкіндік туғызды. Жасы келсе де саяси науқаннан қалмаған Александра Ивановна осындай мүмкіндікті туғызған сайлау қызметкерлеріне алғысын айтып, елдің тыныштығы мен дамуына, додаға түсіп жатқан үміткерлерге сәттілік тілеп, алғысын білдірді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы