САЙЛАУҒА ӨЗ АЯҒЫМЕН КЕЛГЕН АҚСАҚАЛҒА АРНАЙЫ СЫЙЛЫҚ ТАБЫС ЕТІЛДІ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 878
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласы Оқушылар сарайындағы №980 сайлау уческесіне тұрғындар келіп дауыс беруде. Түске дейін 164 азамат ел болашағы үшін өз таңдауын жасап үлгерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Еліміз Тәуелсіздіктің отыз жылдығына аяқ басқан тұста орын алған сайлаудың ұлт болашағы үшін маңызы зор. Кемел елдің келешегі үшін атқарар іс толайым. Осынау тұста әр үміткерге берілер елдің дауысы да маңызға ие. Осы орайда айта кету керек, №980 сайлау учаскесіне 85 жастағы қария мен 18-дегі жас азамат бір мезетте келіп дауыс берді. Хусаин Машанло атты зейнеткер қарт пен Талдықорған политехникалық колледжінің 3-курс студенті Томирис Маханова өз таңдауын жасады.

Өз кезегінде Талдықорған политехникалық колледжінде газификация мамандығы бойынша білім алып жатқан Томирис Маханқызы жүрекжарды пікірімен бөлісті.

– Өмірімде ең алғаш рет сайлауға қатысып отырмын. ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депуттаттарын таңдауға ел азаматы ретінде қатысқаныма қуанамын. Жас ретінде елімізді көркейтетін, өркениеті озық елдердің сапынан көрсететін ұлтжанды, рухты да іскер тұлғалар сайлауда жеңіп шығады деп үміттенемін. Мен соған тамшыдай болса да өз үлесімді қосқаныма ризамын, – дейді жас дауыс беруші.

Өз кезегінде аталмыш сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Ермек Әсімханов ұлт болашағы тұғырлы тұлғалар мен өр рухты өскелең ұрпақтың қолында екенін жеткізіп, белсенділік танытқан қария мен жас дауыс берушіге сыйлық табыс етті. Айта кетелік, бұл сайлау учаскесінде үйден дауыс берушілер тізімі жоқ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы