ДАУЫС БЕРУ АРҚЫЛЫ ӨЗ ОЙЫҢ, ӨЗ ПІКІРІҢ БАР ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕЙСІҢ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 787
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласы "Шығыс" шағынауданындағы №15 орта мектепте №1006, №1007 сайлау учаскелері орналасқан. Аталмыш сайлау учаскелерінде барлық эпидемиологиялық талап сақталған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бүгін, 10 қаңтар күні, облыстағы әр сайлау учаскесі таңғы 7.00-ден тыным таппауда. Дауыс беретін мекемелер ашылмай тұрып, есік алдында күтіп тұрушылар да кездесті. Бұл еліміздің әр азаматының жауапкершілігін көрсетеді. Тіпті, 18 жастан 80-дегі қартқа дейін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасаған.

№1006 сайлау учаскесінде таңнан түске дейін 925 азамат өз таңдауын жасаған үлгерді. Учаске хатшысы Зарина Жексенованың айтуынша, жасы үлкені 79 жаста болса, ең жасы - 18-дегі студент.

№14 "Айбөбек" бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Светлана Смағұлова сайлауға келіп, дауыс беру ең алдымен саясатымызды қолдау екенін алға тартты.

- Мен сайлауға түсіп жатқан 5 саяси партияның жұмысымен танысып шықтым. Барлығы да көңілге қонымды. Әжептәуір жұмыс жасағандары көрініп тұр. Сайлауға келіп, дауыс беру - әр адамның азаматтық борышы деп есептеймін. Өйткені, дауыс беру арқылы өз пікірің, өз ойың бар екенін көрсете білесің. Өзім "Нұр Отан" партиясының мүшесімін. Партияның жұмысына көңілім толады. Қандай да бір бастамалар болсын "Нұр Отан" партиясы соның алдында жүреді, - деген ол өзінің ұстанымын білдірді.

№1007 сайлау учаскесіне келушілер саны түске дейін-ақ 300-ден асып жығылды. Олардың ішінде 10-нан астамы 70-80 арасындағы қария болса, қалғаны орта, жас буын өкілдері. Дауыс беруші өз аты-жөнін оңай табуы үшін де жағдай жасалған. Әр сайлау комиссиясының өкіліне әліпби бойынша азаматтар базасы бекітілген. Комиссия төрағасының орынбасары Фарида Әбенова сынды жауапты тұлғалар тұрғындарға бюллетенді қалай толтыру керектігін түсіндіруде.

Дауыс берушілер арасында ерлі-зайыптыларды да кездестіруге болады. Мысалы, Қайырбаевтар отбасы: "Әр адам өзінің азаматтық позициясын көрсетуі керек. Өйткені, әрқайсымыздың дауысымыз маңызды", - деді.

Айта кетерлігі, ҚР Парламенті Мәжілісі мен әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауда ашықтыққа баса назар аударылып, барлығы мұқият қадағалануда.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы