ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС АРДАГЕРІ ӨЗ ҮЙІНДЕ ОТЫРЫП ДАУЫС БЕРДІ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 1152
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақсу ауданында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері өз таңдауын жасады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Ақсу ауданы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлады.

Гаврил Моисеев - Ақсу жеріндегі жалғыз Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен қария ел үшін маңызды істен шет қалмады. Қапал ауылы тұрғынының үйіне арнайы құрылған комиссия мүшелері барды. Гаврил Степанович тұрғылықты мекенжайы бойынша үйінен дауыс берді.

- Сайлау - бұл ел үшін аса маңызды шара. Жасы мен жасамысы мұндай жауапты сәтте қалыс қалмауы керек. Әсіресе, жастар мемлекетке қатысты саяси науқанда қол қусырып қарап отырмауы тиіс. Елдің гүлденуі халыққа байланысты. Егер Республиканың тұрғындары белсенді болса, барлығы оң шешімін табады, - дейді соғыс ардагері Гаврил Моисеев.

Айта кетейік, аудандық сайлау комиссиясына үйден дауыс беруге 86 өтініш келіп түскен. Жалпы алғанда, осы уақытқа дейін аудан көлемінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және мәслихаты депутаттарын сайлауға 24 мың 609 адам дауыс беріп үлгерді. Естеріңізге саламыз, Ақсу ауданында 43 сайлау учаскесі жұмыс жалғастыруда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"