БЮЛЛЕТЕНЬГЕ ҚАТЫСТЫ ТҮСІНБЕСТІК: БАҚЫЛАУШЫ МӘН-ЖАЙДЫ АЙТТЫ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 820
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақпарат құралдарының бірінде сайлау жәшігіне бірнеше бюллетень салынып жатыр деген бейнематериал тарады. Оқиға Қарасай ауданында болған. Осыған байланысты №497 сайлау учаскесіндегі бақылаушы Әйгерім Дауеталиева бұл ақпараттың қате екенін хабарлады. Оның айтуынша, қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі.

«Мен Әйгерім Дауеталиева, Қарасай ауданы №497 сайлау учаскесіндегі «Nur Otan» партиясының сенімді өкілі ретінде Азаттық радиосы тілшісінің учаскедегі көп бюллетень беріп жатыр деген ақпаратының қате екендігін баяндаймын. Бір адамға 3 бюллетень беріледі. Соны түсінбей шығарып отыр», - деп жазды ол.

Оның айтуынша, сайлау кезінде республикалық маңызы бар қалаларда және астанада сайлаушыларға бірден екі бюллетень беріледі. Біреуі Мәжіліске депутат таңдауға арналса, екіншісі мәслихатқа өтетін нақты бір партияға дауыс беруге арналған. Басқа қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі. Біреуі – Мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарына дауыс беруді көздейді. «Бақылаушылар қалалар мен аудандарда дауыс беруші азаматтарға үш бюллетень берілетіні жайлы журналиске барынша түсіндірді. Бірақ олар видеоны жариялап жіберді», - дейді бақылаушы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"