Үздік үш жоба

Уақыты: 19.09.2017
Оқылды: 1489
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен Журналистер үйінде жаңа жобалар таныстырылып, олардың мақсат, міндеті түсіндірілді.  Өңірімізде жүзеге асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар көрмесінен бастау алған шараға үкіметтік емес ұйымдар, жарымжан жандар қатысып, пайдалы ақпарат алды. 

Елімізде әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың көмегімен өмірдің қиындығына кезіккендер қолдау табады.  Міне, осыдан-ақ жобалардың адам жанын жақсылыққа жетелеп, қиындықтан құтқаратынын бірден байқауға болады. Облыста аталмыш жобалар сайысқа түсіп, денсаулыққа пайдасы зор мекемелер мен күпті көңілді көтергендер жүзден жүйрік шықты. Бұл – халықтың шешімі, қамкөңілдердің қалауы. Мұндай іс-шаралар қоғамдық бірлестіктерге көмек көрсету және халықтың әлеуметтік осал топтарының, оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған мүмкіндіктері шектеулі жандардың шаттығын еселеуге елеулі үлес қосуда. 
Аталмыш шара аясында 2014 жылы Елдос Баялышбаев өңірлік деңгейде жеңімпаз аталып, республикада екінші орынды иеленген болатын. Нәтижесінде бүгінгі таңда Талдықорған қаласында «Асар» фитнес клубы жобасы бойынша «Қарлығаш» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ашылды. Бұл спорттық-сауықтыру орталығы мүгедектерге оңалту қызметтерін ұсына отырып, солардың игілігіне жұмыс жүргізілуде. Жаңа жобалар бойынша ағымдағы жылы мемлекеттік емес ұйымдардан 12 өтініш түсіп, 20 шілдеде үздік әлеуметтік жобаларды іріктеу бойынша облыстық комиссия отырысы және іріктелген жобалардың алдын ала таныстырылымы өткізілді. Жеңімпаз атанған жобалар физикалық немесе психикалық дамуында мүмкіндігі шектеулілерді білікті медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік педагогикалық және спортпен шынықтыру көмегімен дамытпақ. 
Байқау қорытындысы бойынша үздік үш жоба алдыға шықты. Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарының атынан қатысқан «Надежданың шаңғылары»  жобасы табиғат аясында, қыстыгүні қамкөңілді емдейтін орталығы арқылы үшінші орынды иеленіп, бағалы сыйлықпен марапатталды. Ал Алакөл ауданынан сайысқа түсіп, жарымжандарды жұмыспен қамту арқылы жанына жылылық сыйлауды мақсат еткен «Алакөл – қамқор» жобасы екінші тұғырдан көрінді. Қарапайымдылығымен көзге түскен қарасайлық Тәжіғали Қажымұратовтың жобасы ешбір қарсылықсыз алғашқы орынға шықты.  Бұл  жоба мүмкіндігі шектеулі жастарды қолжетімді спорт түрімен шұғылдануға баулиды. 
Шара соңынан жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталып, үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастыруымен театрландырылған қойылым көрсетілді. Жарымжандарды қоғамның қозғалысынан шет қалдырмай, қатардан шығармауға тырысатын жобаларға жұрт сүйсініп тарқасты.

Құралбек СӘБИТОВ.